Түркістанда ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы «пара алды» деген күдікке ілінді. Бұл туралы кеше кешке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі телеграмм арнасында хабарлады. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің телеграмм каналында хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын тергеу кезінде Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысын «пара алу» кезінде ұстаған. Ол 1 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
«Ол жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді ресімдеуге жәрдемдескені үшін Түркістан қаласының тұрғынынан 1 млн. теңге көлемінде пара алды деп күдіктелуде»
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі
28 маусым күні Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы сот санкциясымен 2 айға қамауға алынған. Іс бойынша тергеу амалдары басталған.
«Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі»
2023 жылы дәл осы департаменттің сол кездегі басшысы сыбайласымен бірге «пара алды» деген күдікпен ұсталған еді. Олар жеке кәсіпкерді 18 миллион теңге шамасында пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген. Кәсіпкер Түркістан қаласында коммерциялық құрылыс нысанын салу үшін жер учаскесін рәсімдемек болған.
Дилара Иса