Жанармайды жерасты жолымен қолды қылған халықаралық қылмыстық топ құрықталды. Түркістан облысы прокуратурасы, Қаржылық мониторинг агенттігі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары біріге отырып, заңсыз топтың қылмысын әшкере етті. Күдіктілер, жанармай өнімдерін жасырын тоннель арқылы шекарадан өткізумен айналысқан.
Түркістан облысының құзырлы орган өкілдері Өзбекстанның құқық қорғау қызметкерлерінің қолдауымен жанармай өнімдерін жасырын тасымалдағандардың жолын кесті. Қылмыстық топ, жерасты жолын қазып, арам пиғылдарын оп-оңай жүзеге асырып келген. Алайда, күдіктілердің заңсыз істері белгілі болып, қолға түсті.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі: «Тергеу барысында анықталғандай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараға жақын аумақта топ мүшелері 450 метрлік жерасты тоннелін қазған. Қылмыстық схема 2 ай бойы жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде шетелден қаржыландырылып отырған жанар-жағармай материалдарын тасымалдауға арналған логистикалық бағыттар мен жасырын шығару арнасы құрылған».
Көршілес елдің жауапты мамандары да қарап қалмай, арнайы анықтау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, Өзбекстан, Қазақстан елінің бірнеше азаматы күдікті ретінде қолға түсті.
Ернар Тайжан, ҚМА ресми өкілі: «Нәтижесінде қылмыстық әрекетке қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қазақстан Республикасының 5 азаматы күдікті ретінде танылды».
Айта кетейік, қазіргі таңда, тергеу амалдары аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Нұргүл Жолымбетова