Түркістандық отбасыға қайырымдылық қорынан баспана берілді

фото ТОӘБҚ

Түркістанда тағы бір отбасы баспаналы болды. «Үлес» қайырымдылық қоры І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат пен оның отбасына тұрғын үй сыйлады. Бұл — қор тарапы­нан табысталған 50-ші баспана.

Түркістан қаласында 1 топтағы ерекше күтімді қажет ететін жан баспаналы болды. «Үлес» қайырымдылық қоры Арман Ахлиддинов пен жұбайы Лена Ахлиддиноваға Күнгей шаһардан жаңа үйдің кілтін табыстады. Бұл игі іс – қордың 50-ші баспанасы. Өз шаңырағына кірген әйел қуаныштың көз жасын жасырып қалмады.

Арман Ахлиддинов – көру қабілетінен айырылған ардагер. Ал жұбайы Лена арбаға таңылған. Қиындықтарға қарамастан, олар өмірге құлшыныспен қарап, ұлдарын тәрбиелеп отыр. Отбасының негізгі күнкөріс көзі – әлеуметтік жәрдемақы және өзге де мемлекеттік қолдаулар. Осы жағдайды ескерген қор өкілдері отбасыға толықтай жайлы әрі қолжетімді үй сыйлады.

Баспана кілтін табыстау рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы қатысып, арнайы сый-сияпаттарын табыстады.

Әсел Мәлік