Вице-министр жетісайлық шаруалармен кездесті

фото ЖАӘБҚ

Аграрлы өлкенің ең өзекті мәселесі – ағын су тапшылығы. Соңғы жылдары Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы егістік алқаптар «Достық» магистральды каналы арқылы жеткізілетін судың мөлшері айтарлықтай азайып отырғаны байқалуда. Бұл – ауыл шаруашылығы басты тірек болған аймақ үшін өте өзекті проблемаға айналған.

Осыған байланысты 2025 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық пен ағын су ресурсарын дамытуға арналған стратегияны қарап шығу мақсатында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Жанұзақұлы Алдамжаров арнайы іс-сапармен келді. Ол Жетісай және Мақтаарал фермерлерімен, суармалы ауылшаруашылық институттары өкілдерімен кездесіп, К 21, К 28, К 30 «Достық» магистральды каналдарының қазіргі жағдайымен танысты.
Ашық ауа астында өткен жүздесуде шаруалар соңғы жылдарда аудандардағы өзекті мәселеге айналған ағын су мөлшерінің тапшылығы жайлы сөз көтерді. Негізгі табыс көзі – дән, мақта, көкөніс өсіру болып табылатын елді мекендерде су жеткізілімінің бұзылуы жерге сіңіп кету, булану, немесе каналдан жіберілмей жоғалуы салдарынан егістікке толық жетпеуі байқалған. Сондай-ақ канал бойындағы кейбір төселмеген учаскелердің ескірген күйі, үлкен су ағысы кезінде бүліну қаупін төндіріп отыр. Сондай-ақ, К-21, К-28, К-30 «Достық» магистральді каналының тармақтары күрделі жөндеуді талап ететінін жеткізді.
Нұрлан Жанұзақұлы ағын су арналары кезең-кезеңімен жөндеуден өтетінін айтып, дихандарды су үнемдеу технологиясын меңгеруге шақырды. Су үнемдеу технологиясына көшкен шаруашылықтарға субсидия төленетінін, алдағы уақытта қос ауданға қажетті 100 дана ағын су насосын алып беру жоспарының бар екенін айтты. Шаруалар көкейдегі сұрақтарын ортаға салып, ағын су мәселесіне қатысты өзгерістер туралы ақпарат алды.
Вице-министр фермерлер қойған сұрақтарға жауап беріп, егіс алқаптарын тиімді суармалау мен заманауи техникаларды қолдану, топырақ ылғалдылығын басқару секілді практикалық кеңестерді де ұсынды. Қажет болған жағдайда мамандар көмегін тартуды, жергілікті ирригациялық мекемелерді техникалық қолдау көрсетуге шақырды.
Кездесу соңында министр барлық ұсыныстардың назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен және басымдыққа қарамастан шешілетініне сендірді. Ол дихандардың пікірлері негізінде жасалатын өзгерістер гео-материалдарға негізделген, алдағы су жылының сапасына негіз болатындығын айтты.