«Заңсыз құрылысқа қарсымыз»: Жеке тұрғын үйлердің маңынан мейрамхана салу қаншалықты заңды?

«Заңсыз құрылысқа қарсымыз». Осылай деген тұрғындар, арнамызға шағымданды. Айтуларынша жеке кәсіпкер, Ахмет Байтұрсынов және Байұзақ Ермекбаев көшесі қиылысында үш үйдің жерін сатып алған. Баспананы сүріп тастап, тойхана салмақшы дейді. Тіпті, жерді тегістеу жұмыстарын бастап кеткен. Олардың бұл әрекеті заңды ма?

 Байұзақ Ермекбаев көшесінің тұрғындары арнамызға шағымданып, көше бойында салынатын құрылысқа қарсы екенін жеткізді. Олардың айтуынша, жеке кәсіпкер көше қиылысынан тойхана салмақшы. Талай жылдан бері кішігірім дәмхананың у-шуына шыдап келген біз, бұған төзбейміз деп отыр. Кәсіпкермен келісімге келуге тырысқанымызбен оның тарапынан еш мардымды жауап болмады дейді. Үйдің орнына дүкен салар болса, қуанатындықтарын жеткізді.

Алғи Байжанов,  қала тұрғыны: «Мына жерге көшені тар етіп, тойхана салып жатыр. Кеше ғана біліп жатырмыз. Заңсыз екенін. Әкімшілікке, прокуратураға жазып жатырмыз. Миндальдан жалғастырып, тойхана соқпақшы».

Нұрғали Дуанбеков,  қала тұрғыны: «Бұрынғы тұрған кафедегі кәуаптың иісі келіп тұратын. Оған шыдап келдік. Қазір күн ыстық. Далада отыра алмай қалдық. Енді бұл екі есе болғалы тұр. Оның үстіне көше тар. Кептеліс қосылады. Соған бола қарсылық білдіріп жатырмыз. Оларға дүкен сал деп жатырмыз. Шу болмайды. Соған рұқсат болады дегендей қылдық».

Алайда, жеке кәсіпкер кәсібін өркендету мақсатында заңды құжат алып, жерді тегістеу жұмыстарын бастап кеткен. «Әрбір ісім заң аясында жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, нормативті заңдылықтарды сақтай отырып, ғимарат салуды жалғастырамын» деп отыр.

Мақсат Сейілбеков, Кәсіпкер: «Қазіргі құжатымды дайындап жатырмын. Әлі құрылыс бастаған жоқпын. Қалай бәрі дайын болады. Сол уақытта бастаймын. Алты метр деп айтып жатыр. Менің жоспарымда бәрі қарастырылған».

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы мамандарының айтуынша жер бастапқыда жеке тұрғын үй салу үшін берілген. Сол аумақта үш жер учаскесінің кадастрлық нөмірі тіркелген.

Досхан Садықов, Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының инспекция бөлімінің басшысы: «Миндаль» кафесінң арт жағында салынып жатқан ғимарат бойынша арыз түскен. Арызды қарау барысында тұрғындардың айтуы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілмеген еді. Сол жердің нысаналы мақсаты тұрғын үй үшін берілгені анықталып отыр. Егер заңды немесе заңсыз болса, басқарма тарапынан шара көріледі».

Ал, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасының мамандарының айтуынша, жеке кәсіпкер биыл 28 сәуірде әкімнің қаулысына сәйкес «Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру» құжатын алған.

Алмаз Әбдіқұлов,  Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасының бас маманы: «Қазіргі учаске қала әкімінің қаулысының негізінде нысаналы мақсаты, мейрамхана және кеңсе үшін деп өзгертілген. Соның негізінде сәулет жоспарлау жобалау тапсырмасын алған. Мейрамхана кеңсе жобалау үшін, эскиздік жоба келісілмеген басқарма тарапынан. Құрылыстың нормативтері бойынша ара қашықтықтары қаралтаны болады».

Санжар Ахметов,  Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы басқармасының бас маманы: «Норматив көрші үймен жақын болса, 3 метр. Қоғамдық орын болса, 6 метр болуы керек».

Ал, арызданушы тұрғындар бұл құрылыс жұмыстарымен келіспейміз деп отыр. Алдағы уақытта өзге де құзырлы органдарға шағымданамыз дейді.

Нұргүл Жолымбетова