Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі арасындағы жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді жетілдіру жөніндегі бірлескен жоспар аясында Жамбыл облысындағы әскери қызметшілердің балалары жазғы демалысты Түркістан облысында орналасқан республикалық оқу-сауықтыру орталығы «Балдауренде» өткізбек.
Аталған топ құрамына Жамбыл облысының түрлі әскери бөлімдерінде қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің он үш баласы енді. Орталыққа келген соң, құжаттарды ресімдеу рәсімі өтіп, балалар жастарына сәйкес топтарға бөлінді. Олардың демалысы мен қауіпсіздігін тәжірибелі тәрбиешілер мен вожатыйлардан құралған ұжым қамтамасыз етеді. Солардың бірі – Гүлсезім Қанатқызы. Ол келген сәттен бастап балалармен тіл табысып, лагерьдің ережелері мен дәстүрлері туралы айтып берді. Бұл ережелер балалардың ұжыммен жұмыс істеу, тәртіп пен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
– Біздің лагерьде балалар мен тәрбиешілер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған қызықты әрі пайдалы ережелер бар. Мысалы, «галстук заңы» бойынша балалар әрқашан вожатыйдың артынан жүреді, ал «твикс ережесі» – балалар жұптасып жүруі тиіс. Мұндай қарапайым әрі есте сақтауға жеңіл ережелер балалар арасында бірлікті арттырады, – деді Гүлсезім.
Келген соң балалар бөлмелерге жайғасып, бірлесе отырып асханаға бет алды. Топ мүшелерінің бірі, 8-сынып оқушысы Аружан Шеріп алғашқы әсерімен бөлісті:
– Бізді өте жылы қарсы алды. Алдағы 15 күнде керемет әсер алып, жаңа достар табатыныма сенімдімін, – деді Аружан.
Үш апта ішінде балаларды мазмұнды бағдарлама күтіп тұр: шығармашылық және спорт үйірмелері, экскурсиялар, сондай-ақ әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырылады. «Балдаурен» лагері жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған әскери қызметшілердің балаларын қабылдайды. Бұл Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілердің отбасына жүйелі қолдау көрсететінін білдіреді.