Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Ағын су мәселесінің жәй-күйімен танысты.
Алдымен халық қалаулысы Асықата кентінде «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен бой көтеріп жатқан заманауи теннис орталығының құрылыс барысымен танысты.
1 гектар аумақта салынып жатқан құны 1 млрд теңгені құрайтын теннис орталығында бір мезетте 200-ге тарта адам жаттыға алады. Жаттығушыларға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 2 жаттығу залының біріне 9 теннис үстелі, екіншісіне 3 күрес кілемі, бокс рингі, тренажер жабдықтары, сонымен қатар, ерлер бөлмесінде 15 төсектен және әйелдер бөлмесінде 15 төсектен тұратын әкімшілік блок орналастырылады.
Өткен жылы қазығы қағылған кешен биыл қолданысқа берілмек. Ауданда алғаш рет салынып отырған орталық пайдалануға берілген соң республикалық, халықаралық байрақты бәсекелерді өткізу мүмкіндігі туады.
Сонымен қатар, мәжілісмен аграрлы ауданның жазғы суғару барысымен, Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеруге есептелген «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының жай-күйімен танысты.
Сала мамандары соңғы жылдарда аудандағы өзекті мәселеге айналған ағын су мөлшерінің тапшылығы мен биылғы метеожағдайға байланысты орын алған жағдайлар негізгі табыс көзін агросектордан алатын аймақ шаруаларының алаңдаушылығын тудырып отырғанын жеткізді.
Одан бөлек, тозығы жеткен ағын су тарату каналдарының жөндеуден өтпеуінің салдарынан ағын су мөлшерінің көп бөлігі жерге сіңіп, буланып немесе жерасты суларының тартылып кетуі салдарынан ойдағыдай өнімге қол жеткізілмей жатқандығы да сөз болды.
Аудандағы ағын су тапшылығын оңтайлы шешу, қажет болған жағдайларда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеруге есептелген «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналын еш кедергісіз қосу мәселелерін Парламент деңгейінде көтеріп, жауапты министрліктер мен комитеттерге депутаттық сауал жолдайтынын, сондай-ақ, салааралық сараптама негізінде нақты ұсыныстар әзірленетінін жеткізді.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаевтың Жетісай ауданына сапары тұрғындармен тікелей диалог құру, инфрақұрылымдық жобаларға мониторинг жасау, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өңірдің су ресурстары мәселесіне нақты көңіл бөлуімен ерекшеленді.