Жетісай ауданында жыл соңына дейін 7 елдімекен табиғи газбен қамтылады

фото ЖАӘБҚ

 

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов Саяси кеңес бюро мүшелеріне Жол картасының орындадуы мен өзекті мәселелері бойынша атқарылған және алдағы атқарылатын жұмыстардың есебін беріп, күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жолдарын талқылады.

Аудан басшысының мәліметінше, 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 10 млрд теңгеге артығымен орындалып, 184,1 млрд теңгеге жеткен. Ал, биыл бұл көрсеткіш 190,1 млрд теңгені құраған. Өнеркәсіп өнімінің көлемін жыл соңына дейін 21,2 млрд теңгеге жеткізу жоспары бар екенін жеткізді.
Сонымен қатар, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылы 43,7 млрд теңгеге жетсе, биылғы жоспар 37 млрд теңгені, шағын және орта бизнес субъектілері тарапынан өндірілген өнім көлемінің жоспары 179,6 млрд теңгені құрап отырғанын айтты.
Одан бөлек, ауданға соңғы 5 жылда 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылса, алдағы 5 жылда бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.
Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2024 жылы 15 елді мекенде 15 жобаны іске асыруға 2,5 млрд теңге бөлініп, елді мекендерді газдандыру, жол жөндеу және мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілген. 2023 жылы 4 елді мекен, 2024 жылы 20 елді мекен табиғи газға қосылған. Биылғы жылдың соңына дейін 7 елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарда тұр. Биыл 4 елді мекенді табиғи газбен қамту бағытында жаңадан құрылыс монтаж жұмыстары басталса, тағы 10 елді мекенді табиғи газға қосу мақсатында жобалау сметалық құжаттары әзірленуде.
Осы және өзге де салаларда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырған Серік Үсенұлы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік, инфрақұрылым және әлеуметтік салаларға қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді тыңдады.
Айта кетейік, Жетісай ауданы бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 2027 жылға дейін 50 тармақта жоспарлар бекітілген, оның 46-сы 2024 жылдың еншісінде.
2024 жылға бекітілген 46 жоспардың бүгінде 33-і, яғни, 71 пайызы орындалған болса, 13-і орындалу үстінде.