Жетісай: Консультативтік-кеңесші органының отырысы өтті

фото ЖАӘБҚ


Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Намазовтың қатысуымен аудан әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік және өзге де көмектерді ұйымдастыру жөніндегі консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті.


Жиынның күн тәртібінде пробация қызметінің есебінде тұрған, пробациялық бақылау қойылған сотталғандарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен атқарылатын әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің мәселелері талқыланды. Аталған сұрақтар бойынша Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Нартай Сабаев пен аудандық «Мансап орталығы» филиалы директорының міндетін уақытша атқарушы Ердәулет Түймебаевтың баяндамалары тыңдалып, жоспарлары талқыланды. Ұсыныс-пікірлер айтылды.
Сала мамандарының мәліметінше Түркістан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №274 қаулысына сәйкес биылғы жылға пробация қызметінің есебінде тұратын адамдары жұмысқа орналастыру үшін Жетісай ауданында 7 мекемеге 19 орын қаралса, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 1 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған.
Жыл басынан аудандық «Мансап» орталығына жүгінген пробация есебінде тұратын 55 азаматтың 3-і ақылы қоғадық жұмысқа, 3-і деректер қорындағы бос жұмыс орындарына, ал, 18-і белгіленген квота бойынша 7 мекемеге бос жұмыс орындарына жолданған. Қалған 31 тұлға кәсіптерінің болуына, денсаулығының нашарлығына және бала күтіміне байланысты бағдарламаға қатысудан жазбаша түрде бас тартқан. 3 адам өз кәсіптерін бастау үшін мемлекеттер қайтарымсыз грант алса, тағы 2 адамның бизнес-жобасы қаржыландыруды күтуде.
«Бұл жұмыстар ауданымызда еңбек өнімділігінің артуына, кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, пробация есебіндегі түзету мекемесінен босаған адамдарды қоғамдық ортаға бейімдеуге үлкен мүмкіндік береді. Біз жұмысымызды одан әрі жандандырып, шалыс басқан азаматтардың қайта қылмыс жасамаулары үшін бар мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек» деген Серік Пірімбеков жауапты сала мамандарына жұмысты әлі де болса жандандыруды тапсырды.