Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақтардың инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сай Жетісай ауданында жұмыстар жалғасуда.
Жетісай ауданында аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тікелей тапсырмасымен ескірген электр бағаналарын жаңарту, электр қуатының жетіспеушілігін болдырмау бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді. Бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, өндірістік кестеге сай жұмыстар жүргізілуде.
Сондай ауқымды жобалардың бірі – Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 га аумақта биылғы жылы іске қосылуы көзделген электр энергиясын түрлендіруге және таратуға арналған электрлік қосалқы станцияның құрылысы. Қосалқы электр станциясы – өңір инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды жоба. Нысанға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрген аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапасына назар аударып, жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жетісайдағы жаңа жобаның ерекшелігі – қуаттылығының жоғары болғандығы (110 кВ) және энергия жеткізу икемділігінің артуымен қатар, құрылыс жүргізуші компанияның сапаға ерекше назар аударуы. «Vek-Story-Com» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп отырған аталмыш нысанның сметалық құны 1 300 215 мың теңгені құрайды.
Өткен жылдың қыркүйегінде қазығы қағылған нысанды ағымдағы жылы қолданысқа тапсыру жоспарланған. Қуаттылығы 110/35/10 кВ. Қазіргі жағдайда мердігер атқарылуы тиіс жұмыстарының 90 пайызын толық тәмамдап отыр.
Мұндай қосалқы станциялардың құрылысы бірнеше салаға оң әсерін тигізеді:
* Тұрғын үй инфрақұрылымы. Жоғары сапалы электрмен қамтамасыз ету халықтың тұрмыс сапасын арттырады, әсіресе пәтерлерде және жеке үйлерде тұрақты жарық және жылу жүйесін қамтамасыз етеді.
• Әлеуметтік нысандар. Мектеп, балабақша, медициналық пункттер секілді әлеуметтік нысандар тұрақты электрмен қамтамасыз етіле отырып, жаңа әне жақсартылған қызметтер ұсына алады.
• Кәсіпкерлік тәжірибесі. Электр қуатына қолжетімділік аймақтық кәсіпкерлікті ынталандырады, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады.
• Жұмыс орындары. Құрылыс және кейінгі техникалық қолдау бойынша кем дегенде 15 жаңа жұмыс орны ашылады, бұл жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді.
Жетісай жобасының сәтті іске асуы өткен жылдардың тәжірибесімен салыстырғанда үлкен серпін береді.
Станция іске қосылған соң Жетісай қаласы аумағындағы 12 көп қабатты 440 пәтерлі үй, яғни, 1842 абонент сапалы, тұрақты электр қуатымен, 15-ке тарта азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.