Жетісайда «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» акциясы өтті

фото ЖАӘБҚ


Тіл – ұлт рухы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сұқбаттарының бірінде «Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді» деп атап өткен еді.


Қазақ тілінің аясын кеңейтіп, әрі қарай дамытудың басты шарттарының бірі – тіл тазалығын сақтау. Бұл мәселе өте маңызды болғандықтан тіл тазалығын сақтауға мән беру мәселесін қаперге салып, назарда ұстап жүрсек, өз нәтижесін берері сөзсіз.
Осыған орай Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданы әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың тапсырмасына сәйкес аудан аумағында «Сауатты жарнама – тіл тазалығының айнасы» акциясы өтті.
Акция аудандағы халыққа қызмет көрсету мекемелері және кәсіпкерлік нысандардағы деректемелер мен көрнекі ақпараттарда тіл нормаларының Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес рәсімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету және бұл іске аудан жұртшылығын кеңінен жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен іс-шара халық тарапынан да жақсы қолдау алды.
«Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ қызметкерлері мен Жетісай қаласы әкімі аппаратының заңгері, «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері қатысқан акция барысында Жетісай қаласындағы көпшілік қызметін жиі пайдаланатын кәсіпорындар мен шаруашылық, жеке кәсіпкерлік нысандардың басшыларына «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заң талаптары түсіндіріліп, жаднама үнпарақшалар таратылды.
Қала көшелері мен базар, сауда орталығындағы жарнамалық жазулардың орфография заңдылығына сай болуы керек екені ескертілді. Қоғамдық қызмет көрсету орындарына қойылар атаулардың талапқа сай болмауы меншік иесінің жауапкершілігін арттыратыны айтылды.