Жүргізуші куәлігінің жоқ екеніне қарамастан көлік басқарып, жол апатына себепкер болды

фото egemen.kz
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Д.-ға ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен (көлік құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) айып тағылған.
 
Д. 2025 жылдың сәуір айында көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігінің жоқ екендігіне қарамастан, «TOYOTA CAMRY» автокөлігін Шымкент қаласы, Қасым хан көшесінің бойымен басқарып келе жатып, жәбірленуші Э.-нің басқаруындағы автокөлікпен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде өзінің көлігіндегі жолаушы К. алған дене жарақаттары салдарынан ауруханада қайтыс болған, жолаушылар У., С. орташа дәрежедегі дене жарақаттарын алған.
 
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыға кешірім бермейтінін көрсетіп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсын толық мойындап, өзіне жеңіл жазаны тағайындауды сұрады.
 
Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмады. Сот, Д.-ны ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді.