«Жүзіңіз ашық болсын»: Қоғамдық орындарда бет тұмшалауға шектеу енгізілді

Қазақстанда жаңа шектеу күшіне енді. Заңға сәйкес қоғамдық орындарда бетті жабуға тыйым салынды. Бұл норма қазірдің өзінде қолданысқа енгізілгенімен, қоғамда түрлі сұрақтар туындап отыр. Заң нақты қалай іске асады? Қандай адамдарға әсер етеді? Бұл діни сенімдегі азаматтардың құқығын шектемей ме? 

Қазақстанда қоғамдық орындарда бетті тұмшалауға ресми түрде тыйым салынды. 2025 жылғы 30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды. Енді адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді. Алайда бұл талап бәріне бірдей емес

«Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салынады. Алайда бұл шектеу Қазақстан Республикасының заң талаптарын орындау, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді атқару, медициналық мақсаттар, азаматтық қорғау, ауа райы жағдайлары, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдар үшін қолданылмайды»

Дегенмен, бұл заңда нақты түсіндірме жоқ. Сондықтан қоғамда көптеген сұрақтар туындап жатыр. Мысалы, діни себеппен киетін киімдерге не істеу керек? Немесе шаңнан не күннен қорғану үшін тағылатын маскалар ше? Сарапшылардың айтуынша, заңдағы тұжырымдар тым жалпылама жазылған, сол себепті әркім оны өз бетінше түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай құқық қорғаушылар мен заңгерлердің алаңдаушылығын тудырып отыр.

Евгений Яворский, заңгер: «Меніңше, мемлекет бұл мәселені қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көтеріп отыр. Мен бұл шешімге сақтықпен қараймын. Жабық киімді діни сеніміне байланысты киетін адамдардың мүддесі де ескерілуі тиіс, яғни тепе-теңдік табу қажет деп есептеймін. Бұл шешімді Конституция арқылы даулау мүмкін емес, себебі Конституцияда мұндай тікелей тыйым көрсетілмеген. Қазір бұл заң толық жетілдірілмеген. Ең маңыздысы – онда қандай киім түрлеріне нақты шектеу қойылатыны анық жазылуы тиіс. Ал қазіргі нұсқада тек жалпы сөздер ғана бар»

Мұндай заң Франция, Бельгия, Аустрия сынды басқа елдерде де қолданыста бар. Онда да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында халық көп жиналатын орындарда бетті жабуға тыйым салынған. Қазақстанда бұл тақырып енді ғана талқыланып жатқанына қарамастан, халық арасында пікір екіге бөлінді: біреулер бұл тыйымды қолдаса, енді біреулер оны адам құқықтарын шектеу деп санайды.

«Ашып жүрген жақсы ғой. Біреулер шаңға жабады. Біреулер басқа себеппен, білмейміз ғой нақтысын»

«Енді өзіңіз ойласаңыздар бетінің бәрін жауып алса, мынадай кішкентай қылып ашып алса, оның ішінде кім бар екенін білмейсің ғой. Орыс, қазақ па, өзбек па? Мүмкін террорист шығар. Ашып жүргенге қарсы емеспін. Бетін ашып жүру керек»

«Жалпы ондай заңның шыққанына қарсымын. Дұрыс емес деп ойлаймын. Тыйым салғаны. Ол біздің дініміз ғой. Қыздарды қырық жерден тию керек дейді»

«Негізі болмайды ғой. Беті жабық кім екенін білмейсің? Қандай адаммен сөйлесіп жатқанын білмсейсің».

Дегенмен, кез — келген шектеу ашық әрі құқықтық тұрғыда қаралатынын ескерген жөн. Ал әзірге бұл жаңа тыйымнан сұрақ көп, нақты жауап аз. Бұл норманың қалай жүзеге асатынын уақыт пен тәжірибе көрсетеді.

Әсел Мәлік