Электроника көшбасшысы: Кәсібилік пен тұрақтылық үлгісі

фото ШӨКҚ

 

Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған.

Еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіру биылғы алға қойылған жоспарлардың бірі. Президент осыған дейін: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!», — деген еді.


Абдуллаев Нұржан 1975 жылғы 17 ақпанда дүниеге келген. Орта білімін Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде аяқтаған. Жоғары білім алған. Еңбек жолын Кентау трансформатор зауытында бастаған. Өзінің еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігінің арқасында бірқатар ірі импортты алмастырушы кәсіпорындардың – Орал трансформатор зауыты мен Петропавл электротехникалық зауытының іске қосылуына белсене атсалысты. Кейін аталған кәсіпорындарда өндіріс жөніндегі директор қызметін атқарған.

Өзінің тәжірибесі мен көшбасшылық қабілеттері арқылы отандық электротехникалық өнеркәсіптің дамуына және өндірістік инфрақұрылымның кеңеюіне елеулі үлес қосты. Қазақстандағы электротехникалық саланың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан.

Қазіргі уақытта «AsiaTrafo» зауытындағы өндірістік цехты басқарады, онда жоғары кернеулі қуат трансформаторларына арналған металлқұрылымдарды дайындау процесін қадағалайды. Өнеркәсіп саласында еңбек етуді жалғастырып, «AsiaTrafo» кәсіпорнында өндірістік үдерістерді дамыту, жұмысшылар арасында техникалық құзыреттерді жетілдіру және тәлімгерлікпен айналысады. Абдуллаев Нуржанның басшылығымен зауыттар үшін 30-дан астам маман даярланды. Орал, Петропавл және Шымкент қалаларындағы үш трансформатор зауытының өндірісін іске қосу кезінде жоғары кәсіби шеберлігін көрсетті. Мемлекеттік наградалары:
– «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгісі
– «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісі

20 жылдан астам уақыт бойы «Alageum Electric» компаниясында қызмет атқарып келеді.