«Элита зиратына» кімдер жерленеді?

Астанадан 25 шақырым жерде, Қосшы қаласының маңында орналасқан Ұлттық пантеон – қазақ елінің ең таңдаулы тұлғаларына арналған мемориалдық кешен. Мың гектар аумақты алып жатқан бұл жерде тек ел дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері ғана жерленеді. Қазірдің өзінде 30-ға жуық бейіт бар. Ел аузында «элиталар зираты» деп жүрген бейіт басында кімдер бақилық мекен тапты, қазір қандай күйде? 

Ұлттық пантеон Астанадан 25 шақырым жерде, Қосшы қаласының маңында орналасқан. Зираттың ортасында Қабанбай батырға арналған мемориал бой көтерген. Бұл мавзолей жоңғардың қалың қолын талқандаған ұлы қазақ қолбасшысының құрметіне қойылған.

Мұнда біз каратэден Қазақстан құрамасының бас бапкері, спорт шебері Рүстем Сұлтанбековпен кездестік. Ол Австралияда өтетін Әлем кубогінің алдында батырдың рухынан турнирде қолдау сұрау үшін осы ескерткішіне арнайы соққан беті екен.

Рүстем Сұлтанбеков, спорт шебері: «Ұлттық құрама ірі турнирлерге шығар алдында әрдайым осында келіп тұрамын. Мұнда халқымыздың ардақты шахиді жерленген. Рухына дұға бағыштап, оның рухының бір бөлшегі бізбен бірге өзге елге еріп ұшып бара жатқанын сеземін. Осылай бізге жәрдем береді».

Ұлттық пантеонның аумағы мың гектарға жуық жерді алып жатыр. Негізі 2019 жылы салынған, алайда мұнда жерлеу рәсімдері одан әлдеқайда ертерек басталған. Пантеонда тек саяси элита өкілдері мен ең жоғары мемлекеттік марапат иегерлері ғана жерленеді.

Алғашқы болып мұнда 2013 жылы Мәжілістің бұрынғы спикері Орал Мұхамеджанов жер қойнына табысталды. Сондай-ақ бұл жерден Жоғарғы соттың экс-төрағасы Мақсұт Нәрікбаев, мемлекет қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев, ақын әрі парламент депутаты Фариза Оңғарсынова мәңгілік мекен тапқан.

Пантеондағы барлық құлпытас бірыңғай стильде жасалған, ал елдегі дәстүр бойынша басына жазылатын марқұмның руы мұнда көрсетілмейді. Әсіресе, Ақмола облысының бұрынғы әкімі әрі мәжілісмен Сергей Дьяченконың қабірі сонадайдан ерекше көзге түседі. Онда православиелік крест қойылған. Жалпы шамамен 30-ға жуық құлпытас байқалады.

Элиталық бейіттің қараушысы мен жұмысшылары оның көк шөбін теп-тегіс етіп шауып, аллеяларын ұқыпты ұстап, тас кірпіш жолдарын тап-таза етіп отырады. Пантеонның бас қараушысы Камал ата ол күні орнында болмады, шұғыл іссапарға кеткен екен. Оның орнына қарапайым жұмысшы Римзагүл Балабекова қызметін атқарып жүр.

2024 жылы тізімнен Қазақстан президенттерінің, мемлекеттік хатшылардың және Конституциялық кеңес төрағаларының отбасы мүшелері алынып тасталды. Тек жұбайлары ғана бірге жерлене алады. Оны қосақталған қабірлер айғақтап тұр. Пантеон салу бюджетке шамамен бір миллиард теңгеге түсті. Орасан аумағы мың гектарға жуық. Сондықтан орын бәріне жететін сияқты. Тек көзі тірісінде еліне ерекше еңбегі сіңіп, таңдаулы тұлғалардың қатарына ену ғана қалады.

Ербол Тұрымбет