Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Сарыағаш қаласының маңында 19 жастағы жігітті өлтіріп кеткен әскери қызметкер мен олардың серіктеріне үкім шығарды. Сот әскери қызметкерді «Адам өлтіру» бабы және «Алаяқтық» бабымен, ал оның серіктерін «Қылмыс туралы хабарламау» бабымен кінәлі деп танып, түрмеге жапты.
Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты Сарыағаш қаласының маңында 19 жастағы мүгедек жігітті азаптап, аяусыз 14 жерінен пышақтап өлтірді деген күдікке ілінген үш адамға қатысты сот үкімін шығарды. Сот Мурод Абдижамиловты «Адам өлтіру» бабы және «Алаяқтық» бабымен — 15 жылға, Диас Ибрагимов пен Адина Мамаеваны «Қылмыс туралы хабарламау» бабымен 4 жылға бас бостандығынан айырды. Абдижамилов қылмыс жасағанда әскери қызметкер болған. Сондықтан іс әскери сотта қаралды.
«Сот үкімімен:
А-ны 15 жыл бас бостандығынан айыру;
И-ды «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңын қолдану арқылы 2 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру;
М — ны 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар сотталған Абдижамиловтен жәбірленушінің пайдасына 20 млн теңге моральдық өтемақы өндірілді»
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты
Оқиға 20 ақпан күні болған. Көрші үйдің моншасына барып, хабар-ошарсыз кеткен 19 жастағы Жасұлан Әбдіманаптың денесін Сарыағаш қаласының шетінен шопан байқап қалған еді. Марқұмның туыстары қылмыскердің жас жігітті елсіз жерге апарып өлтіріп тастап кетуінің себебі бар деген. Айтуларынша, марқұм сотталушыларға несие алып берген. Туыстарының сөзінше, олар қарызды қайтармау үшін оны өлтіріп тастаған. Марқұмның анасы Райхан Жамалова сот үкімімен келіспейді.
Райхан Жамалова, марқұмның анасы: «Сол мен қарсы болып отырмын оларға тым аз жаза бергені үшін. Не істерімізді білмей басымыз қатып, адвокаттармен тағы ақылдасайын деп апелляциялық сотқа берсем бе екен деп отырмын. Өткені тым жеңіл жаза беріп отыр. Аяусыз арманы асқақ жап-жас періштедей пәк баламды бұлар аяусыз алдап алып барып айдалаға, кредитіңізді төлеп береміз деп менің… 14 жерінен пышақталып қиналып өтті де өмірден».
Жәбірленушінің сөзінше, айыпталушылар мен олардың туыстары өкініш білдіріп, бірде бір рет кешірім сұрамаған. Марқұмның анасы баласының таныстарына несие алып бергенінен хабарсыз қалған.
Райхан Жамалова, марқұмның анасы: «Менің баламды соншалықты азаптап өлтірді. Бірақ ешқандай өкінген жоқ оның ата-анасы. Кеше сотта да ешқандай өкінішсіз сағыздарын шайнап, күліп отырды ата-аналары. Баламның мойнына кредит ілді, қарыз болып қалмасын деді. Оның бәрін қанағаттандырусыз қалдырды төлемейтін қылып. Сонда баламның, бейкүнә баламның құны жоқ болды ма?».
Марқұм отбасындағы 4 баланың кенжесі еді. 8 сыныпта басынан ісік алынып, ауыр дертті жеңгеннен кейін екінші топ мүгедектігін алған.
Дилара Иса