64 жастағы зейнеткер алаяқтарға алданып, баспанасынан айырылды

64 жастағы шымкенттік зейнеткер алаяқтардың құрбанына айналды. “Банк қызметкеріміз” деп хабарласқан күдіктілер оның жалғыз баспанасын арзанға сатқызып, соңғы тиынына дейін қолды еткен. Қазір полиция қызметкерлері қарияны сан соқтырып кеткендерді іздестіріп жатыр.

Шымкентте 64 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды. Өзін банк қызметкері ретінде таныстырған қаскөйлер әжейдің пәтері аукционға қойылғанын және атынан сенімхат рәсімделгенін айтып, үйін сатуға көндіріпті.

Надежда Самогородская, Шымкент қаласының тұрғыны: «Банкке бір адам келіп, менің атымнан жазылған сенімхатты көрсеткен. Онда «мен ауруханада жатырмын, отаға шұғыл қаражат керек. Сол себепті пәтерді сатуға келісім бердім» деп жазылыпты. Мен мұндай рұқсат бермегенімді айттым. Осыдан кейін күн сайын бірнеше рет қоңырау шалынды. Олар: «Алаяқтарды ұстауға көмектесіңіз, пәтерді сатып беріңіз, екі күннен кейін әрі қаражатыңыз, әрі баспанаңыз қайтарылады» деді»

Алаяқтар әйелге үздіксіз қоңырау шалып, оны бақылауда ұстаған көрінеді. Тіпті, жақындарына айтуға тыйым салыпты. Психологиялық қысымға төтеп бере алмаған зейнеткер ақыры олардың айтқанын істеп, баспанасынан айырылды.

Надежда Самогородская, Шымкент қаласының тұрғыны: «Олар маған әр сағат сайын қоңырау шалып, әр қадамымды бақылап отырды. Өзімді зомби сияқты сезіндім, айтқандарының бәрін орындадым. Пәтерімді сатпасам, аукционға кетеді деп қорқытты. 16-сы күні нотариуста келісім жасалды. Кейін 4,5 миллион теңгені банкомат арқылы әртүрлі есепшоттарға аударуға мәжбүр болдым».

Келісім аяқталған соң, зейнеткер полицияға арызданған. Оның айтуынша, алғашқыда аудандық бөлімдерде арызы қабылданбай, бірнеше күн сергелдеңге түскен. Ақыры іс қозғалып, қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Азаматшаның өтініші бойынша ҚР ҚК 190-бабы — «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр».

Енді зейнеткер сот арқылы пәтерін қайтарып алуға үміт артып отыр. Айта кету керек, құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай қылмыстар азаймай тұрғанын жасырмайды. Сондықтан олар телефон арқылы жеке мәлімет бермеуге, қорқыту қоңырауларына сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.

Лаура Бабас