Қаржы пирамидасы жылтыр уәде, ащы зардап. Шымкентте кезекті қаржы пирамидасының жолы кесілді. Қаржылық мониторинг агенттігі, прокуратураның үйлестіруімен «Аяла Голд» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Алайда, 400 — ден астам салымшы сан соғып қалды. Өйткені оларға 1 млрд. теңгеден астам қаражат салған.
Соңғы жылдары елімізде қаржы пирамидаларының құрбанына айналған азаматтар саны артып келеді. Жылдам пайда табуға уәде беретін бұл ұйымдар, шын мәнінде, көптеген адамдардың қаржылық жағдайына зиян тигізіп отыр. Қаржы пирамидалары әдетте жоғары табыс, аз уақытта мол ақша табу мүмкіндігі секілді жалған уәделермен сенімге кіреді. Олар жаңа қатысушылардың салымынан түскен қаражатты бұрынғыларға төлеп, ұзақ уақыт алдамшы тұрақтылық әсерін қалыптастырады. Мәселен, Шымкенттік «Аяла Голд» қаржы пирамидасы 400 — ден астам адамның қалтасын қаққан.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі: «Зергерлік бұйымдарды сататын компания ретінде жасырынып, күдіктілер азаматтарға ай сайын 50–60% көлемінде кепілдендірілген табыс уәде етіп, инвестиция салуды ұсынған. Сонымен қатар, салынған қаражаттың сақталатынына сендірген. Алайда, төлемдер нақты пайда есебінен емес, жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен жүзеге асырылған».
Құқық қорғау органдары қаржы пирамидасына қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп, қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда, күдікті ретінде ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі: «Нәтижесінде қаржылық пирамидаға 400-ден астам салымшы тартылып, олар 1 миллиард теңгеден астам қаражат салған. Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған табысқа бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен бұл пәтерлерге тыйым салынды».
Бұдан бөлек, күдіктілер өз туыстарын қаржылық схемаға тартып, оларды «дроппер» ретінде пайдаланған. Яғни, басқа салымшылардан түскен қаражатты олардың банк реквизиттері арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Айта кетейік, өзге ақпараттар ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, жария етілмейді.
Нұргүл Жолымбетова