Аялдамада жанжал шығарғаны үшін айыппұл арқалады

Шымкент қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аялдамада былапыт сөз айтып, жұрттың тынышын бұзған жолаушыға 55 мың теңге шамасында айыппұл салған. Ол кінәсін мойындаған және жәбірленушіден кешірім сұраған.

Шымкент қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аялдамада айқай-шу шығарған 25 жастағы Әзізбек Тоқсанбаевты Қылмыстық кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабымен кінәлі деп тапты. Ол қасақана Шымкенттегі «Сыра зауыты» аялдамасында өзімен бірге тұрған жолаушыға былапыт сөз айтып, жұрттың тынышын бұзған. Оқиға таңсәріде болған. Жәбірленуші полиция шақырған.

«2025 жылдың 2 шілде күні сағат 05:30 шамасында Әзізбек Тоқсанбаев Шымкент қаласы Еңбекші ауданы Сайрам көшесінде орналасқан «Сыра зауыты» аялдамасы жанында азаматша Салыбайға былапыт сөйлеп, қоғамдық орында айналасындағы адамдарға құрметпен қарамай, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын іс әрекеттер жасаған»

Сот кабинеті жүйесі

Сот қаулысына қарағанда, құқықбұзушы кінәсін мойындаған және жәбірленушіден кешірім сұраған. Оның айыбы сотта дәлелденген.

«Әзізбек Тоқсанбаев Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1- бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылықты қасақана жасаған. Сот іске қатысушылардың түсініктерін тыңдады. Тоқсанбаевқа әкімшілік жаза қолдануда оның жасаған құқық бұзушылығына жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар анықталмады»

Сот кабинеті жүйесі

Сот аялдамада жанжал шығарып, қоғамдық орында тәртіпті бұзғаны үшін 55 мың шамасында айыппұл салған. Айыппұл бір айдан кешіктірілмей төленуі тиіс. Айта кетейік, сот заңды күшіне енген.

Дилара Иса