Таңға жақын Шымкентте Абай аудандық әкімдігінің ғимараты өртке оранды. Өртің неден, қалай шыққаны әзірге белгісіз. Төтенше оқиғадан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.
14 тамызға қараған түні Шымкент қаласындағы Абай аудандық әкімдігінің ғимараты өртке оранды. Өрт ғимарат шатырынан шыққан. Өрт сөндірушілер уақытылы келіп, жалынды сөндіруге тырысқанымен әкімдік шатыры толық жанып кетті.
Өртті сөндіру кезінде полиция әкімдік ғимараты орналасқан Тәуке хан даңғылында көлік қозғалысын уақытша тоқтатты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, Өрттің жалпы көлемі 1200 шаршы метрге жеткен.
Бекзат Қамбаров, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: «Өртте зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрт сағат 04:58-де оқшауланып, сағат 05:27-де толығымен сөндірілді».
Өртті сөндіруге бас-аяғы 24 техника тартылған. Өртті сөндіру үшін жүзге жуық адам жұмыс істеген. Шымкент қаласы 21 бірлік техника және жеке құрамнан 88 адам тартылған. Өрт таңсәріде шамамен екі жарым сағатта толық сөндірілген.
Дилара Иса