Ақсукентте қойма өртенді

Сайрам ауданы Ақсукент ауылында қойма өртеніп, от мың шаршы метрді шарпыған. Төтеншеліктер өртті сөндіруге бірнеше сағат жұмсаған, арнайы штаб құрылған. Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз болып тұр.

Түркістан облысы Сайрам ауданы Аққсукент ауылында қойма өртенді. Ауылды қара түтін басып қалғанын көруге болады. Өрт орнынан тараған видеоларға қарағанда, қойма маңында бірнеше жүк көлігі тұрғаны байқалады.

Өрт 24 тамыз күні түстен кейін басталған. Оттың шығу себебі әзірге белгісіз. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына төтеншеліктер келген кезде жалын өршіп кеткенін, қойма шатыры ортасына түскенін байқаған.

Департамент дерегінше, мамандар өрттің жоғарғы дәрежесі бойынша жұмыс істеген. Арнайы штаб құрылған. Жалынның бетін қайтаруға оттегі мен жылу сәулесінің жоғары болуы, қатты түтін кедергі болған. Нәтижесінде өрт үлкен алаңға бірден таралған.

Өрттің жалпы көлемі мың шаршы метрге жеткен. Бейресми ақпаратқа қарағанда, оқиға орнында бірнеше жүк көлігі жатып кеткен.

Асанғали Төлепбергенов,  Түркістан облысы Сайрам аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы: «Сайрам ауданы өрт сөндіру бөліміне 17 сағат 54 минутта өрт оқиғасы туралы хабарлама келіп түсті. Өрттен зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ».

Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.

Дилара Иса