Түркістан облысы Мақтаарал ауданының тұрғыны қызыма туысы әрі ауылдасы зорлық-зомбылық көрсетті, видеоға түсіріп бопсалап, қорқытты дейді. Айтуынша, онымен тоқтамай өзгелермен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Бірақ полиция «Зорлау» дерегі дәлелденбеді, ал «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу» бабымен іс тергеліп, сотқа жолданғанын хабарлады
«Қолымнан ұстады да, тартып кіргізді сол машинаға. Қайта кіргізді содан соң өзінің ұялы телефонына видеоға түсіріп алды. Бірінші күннен, тиісіп неғып».
Аты-жөнін айтып, түр-түсін көрсетпеуді сұраған Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 17 жастағы қыз туысы әрі ауылдасы өзіне зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, оқиға 2024 жылдың тамыз айында болған. Жетісай қаласынан ауылына қайтпақ болған ол таксиге жалғыз отырған. Жол-жөнекей такси жүргізушісі оны сөзге тартқан. Көлік жүргізуді тегін үйрететінін айтып, сеніміне кірген.
«Бірінші күні үйретті ол машина айдауды. Сосын қайттық. 2 мың теңгені алмады сол күні. Бензин бар, екінші күні құясың деп айтты».
Такси жүргізушісі ертеңіне кешке тағы шығуын сұраған. Қыз әкесіне «құрбыларыммен отырамын» деп сұранып, бензин пұлға 2 мың теңге алып шыққан. Көлік жүргізуді үйреніп, түнгі ондар шамасында үйіне қайтпақ болғанда такси жүргізушісі оны көлігімен егіндікке алып кірген. «Ауылдың адамы әрі туысым болған соң көлік жүргізуді үйретуіне келіскен едім» дейді ол сан соғып.
Жәбірленуші: «Алдыңғы орыннан арқаға отырған соң сезіндім ол кісінің ойы арам екенін. Машинаның есігін ашамын дегенде ол кісі есіктерді құлыптаған екен. Қолымнан ұстады да тартып кіргізді сол машинаның қайта кіргізді содан соң өзінің ұялы телефонына видеоға түсіріп алды. Бірінші күннен тиісіп, неғып. Сол күнде тиісті маған. Өзінің арам ойын жүзеге асырып жатқанда видеоға түсіріп алды. Содан соң егер біреуге айтатын болсаң осы видеоларды жариялаймын деп айтты маған».
Мұнымен қоса ұрып-соғып, шашынан тартып қорлаған. Сөйтіп шамамен екі сағаттан соң ауыл шетіне әкеліп тастаған. Ол мұнымен тоқтамаған.
Жәбірленуші: «Екі күннен кейін тағы звандады. Ішімдік ішіп алған екен. «Өзіңнің видеоға түсіріп жібересің. Не өзім түсірген видеоларды жариялаймын» деді. Қорыққанымнан, амалым таусылғаннан видео түсіріп жібердім. Ата-анам, инсульт, инфаркт алған. Ол нәрсе жария болса көшеде жүре алмайтын едім. Мен жіберген видеоларды қалдырып, маған тиіскенде түсірген видеосын өшіріп тастады. Сосын тағы тиісті. Бір ай солай ұрып-соғып, өзінің арам ойын жүзеге асырып жүрді. Қолданды ол мені».
Оның сөзінше, такси жүргізушінің екі әйелі, бала-шағасы бар. Жүргізуші кәмелет жасқа толмаған қызды өзі қорлағанымен қоймай, өзгемен де жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Сол арқылы ақша тапқан. Айтқанын орындамаған жағдайды қылқындыруды шығарған. «Өлтіремін» деп қорқытқан. Бұған шыдамаған қыз көп өтпей өзіне өзі қол салған. Әбүйір болғанда оны ата-анасы аман алып қалған. Ата-анасы болған мән-жайды білгеннен полицияға арызданған. Полиция Қылмыстық кодекстің «Зорлау» және «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу бабымен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ «зорлау» дерегі дәлелін таппаған.
«Тергеу кезінде арызданушының уәждері ескеріле отырып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Сараптама қорытындысына сәйкес жәбірленушінің уәждері өз дәлелін таппады. Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты «Зорлау» фактісімен қозғалған іс тоқтатылды. Қабылданған шешім қадағалаушы органмен келісілді»
Түркістан облыстық полиция департаменті
Полиция мәліметінше, іс «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу» бабымен тергеліп, қылмыстық іс сотқа жолданған.
Дилара Иса