Арнайы қызмет көліктеріне жол бермеген жүргізушіге жаза қандай?

9
жедел жәрдем

(Фото: otyrar.kz)

Жолда келе жатып, артыңыздан жедел жәрдем, өрт сөндіру немесе полиция көлігінің дабыл қаққанын естіген сәт әр жүргізушіге таныс. Мұндай кезде әр секунд қымбат. Дабыл қаққан көліктің артында ауыр халдегі науқас, жалынға оранған үй немесе қылмыс орнындағы тәртіпсіздік болуы мүмкін. Сондықтан арнайы қызмет: жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция көліктеріне жол беру – заң талабы ғана емес, ең алдымен адамгершілік пен азаматтық борыш.

Заң не дейді?

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 598-бабы 1 және 2-бөліктерінде бұл мәселе нақты көрсетілген. Егер жүргізуші арнайы жарық пен дыбыс сигналы қосылған көлікті өткізбеуге тырысса, онда ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Алғаш рет жол бермеген жағдайда жүргізушіге 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде осы құқық бұзушылықты қайталап жасаса, айыппұл көлемі артады. Яғни, заңның талабы қатал. Өйткені бұл жай ереже емес, адамның өмірін қорғауға бағытталған норма.

Жүргізушілерге кеңес

Жолда дабыл белгісі қосылған арнайы көлікті көргенде:

— жылдамдықты азайтып, көлігіңізді шетке ығыстырыңыз;

— кептелісте тұрсаңыз, алдын ала қозғалып, арнайы қызмет көлігіне жол ашуға тырысыңыз;

— өзге жүргізушілермен үйлесімді әрекет етіңіз, яғни жолды бөгемей, бір-біріңізге түсіністікпен қараңыз.

Бұл қарапайым қадамдар адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Мәселен, дәрігерлердің айтуынша, жүрек талмасы соққан науқасқа алғашқы көмек 10 минут ішінде көрсетілмесе, оның өмірін сақтап қалу мүмкіндігі күрт төмендейді. Ал өрт сөндірушілердің әр минуты – бүтін бір үйді, тіпті бірнеше адамды құтқаруға мүмкіндік береді. Кейде жүргізушілердің «мен бір-екі секунд кідірсем, ештеңе етпейді» деген ойы үлкен қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір жүргізуші жолға шыққанда мына нәрсені естен шығармауы керек: Арнайы қызмет көлігін бөгемей жол беру – айыппұлдан құтылу үшін емес, ең алдымен адам өмірін сақтап қалу үшін жасалатын әрекет. Бүгін сіз жол берген көлік басқа біреудің өмірін құтқарса, ертең дәл сондай көлік сізге немесе жақыныңызға жетуі мүмкін.

Шымкент қалалық Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің аға қызметкері Сұңғат Әбіловтің айтуынша, қаладағы жүргізушілердің тәртібі соңғы жылдары айтарлықтай жақсарған.

«Бұған нақты дәлел бар. Биылғы жылдың басынан бері арнайы қызмет көліктеріне жол бермеген жүргізушілерге қатысты бірде-бір хаттама толтырылмады. Яғни, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 598-бабына сәйкес ешкімге шара қолданылған жоқ. Бұл – қала жүргізушілерінің жауапкершілігі артқанын, мәдениеті жоғарылағанын көрсетеді», – дейді полиция өкілі.

Қысқасы, жол ережесін сақтау – бәрімізге ортақ міндет. Ал жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция көліктеріне жол беру – азаматтық парыз. Бұл қадамды жасау арқылы сіз заңды орындап қана қоймайсыз, бәлкім біреудің өмірін сақтап қалуға көмектесесіз.