«Әсем киім — әйел ажары» атты сән байқауы өтті

«Әсем киім — әйел ажары». Осындай атаумен ІІІ Республикалық мұсылман әйелдерінің сән киімі байқауының іріктеу кезеңі өтті. Мақсат — ұлттық болмыс пен діни талаптарға сай киім үлгілерін дәріптеу. Сонымен қатар, қоғамдағы мәдени әртүрлілікті қолдау және әйелдердің өзін-өзі айқын көрсетуіне мүмкіндік беру. Осыған орай, дизайнерлер,шариғат талаптарына сай жабық киім үлгілерні көпшілікке паш етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен, еліміздің бірнеше өңірінде мұсылман әйелдеріне арналған заманауи киім үлгілерін насихаттайтын іріктеу сайысы өтуде. Мұнда дизайнерлер, шариғат талаптарына сай жабық киімдерді заманауи үлгіде тігіп, әйел затына жарасымды, ыңғайлы әрі сәнді топтамаларды көпшіліктің назарына ұсынды. Солардың бірі — Толғанай Тоқташ. 2015 жылдан бері тігін тігумен айналысады. Сондай-ақ, дизайнерлікті де жолға қойған.

Толғанай Тоқташ, Дизайнер: «Сіздердің киімдеріңізді көріп тұрмын. Өте керемет. Көздің жауын алады. Әшекейлермен үйлесім тауып тұр. Бізде 4 түрлі киімдермен сайыс болады. Біздің үстімізде офистік киім. Этностиль деген кезде ыңғайсыздау киімдер болып кетеді. Сондықтан, біз жинақы, түймелері де тартымды киімдерді дайындадық. Орамалмен де киюге болады. Бізде жырға деген бас киім болады екен. Соны арнайы тіктім. Кейде офисте орамалмен жүре алмайсың ғой. Сондықтан жинақы болсын дедім. Осы жейдені арнайы жарыс үшін тіктім».

Мұсылман сән әлемі, қазіргі таңда ерекше қарқынмен дамып келе жатқан сала. Сондықтан, бүгінгі сайысқа ұсынылған киім үлгілері ұлттық ою-өрнекпен көмкеріліп, нәзік түстермен үйлестірілген. Сондай-ақ, мамандар әйелдің ішкі сұлулығы мен сымбатын айқын көрсет білген.

Балжан Асылханқызы, ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша «Әйел қыздар» секторының жетекшісі: «Бұл сайыста қазақ мұсылман әйелдерінің, қазақы нақышта заманауи және де шариғат талабына сай талабын ортаға салып, өзіміздің елде өндіріліп шығарса дейміз. Ой тастап, пікір тастап, осындай мақсатта ұйымдамтырылып жатыр. Бұл сайыста төрт түрлі номинация бойынша ұсынылатын болады. Бірінші, кеңселік киім, спорттық киім, күнделікті киім, той-томалаққа киетін киімдерді ұсынатын болады. Бүгін бұл сайсқа алты сайысушы қатысып жатыр. 6 -ның бірі Алматыға баратын болады».

Айта кетейік, іс-шара барысында қатысушыларға жабық стильдегі киімдердің шариғатқа сәйкестігі, матаның сапасы, түстер үйлесімі және күнделікті өмірге бейімделуі бойынша кеңестер берілді. Сондай-ақ, жеңімпаз дизайнер Алматы қаласындағы республикалық сайыста бақ сынайтын болады.

Нұргүл Жолымбетова