Шымкент қаласында «Балақайлар мектебі» жобасы жалғасын табуда. Бұл – балабақшаға бармаған балаларға арналған қысқамерзімді мектепалды даярлық курстары. Мұндай сабақтар бүлдіршіндердің мектеп өміріне бейімделуіне көмектеседі. Болашақ оқушылардың дайындығы қалай өтуде және ата-аналар бұл туралы не ойлайды?
Жұлдыз Ниятуллақызы үш баланың –анасы. Кенже қызы биыл күзде алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Отбасылық жағдайға байланысты бала балабақшаға бара алмаған. Сондықтан, ата-ана баласының оқу үлгеріміне алаңдаушылық білдірген. Ал «Балақайлар мектебі» бұл отбасы үшін үлкен қолдау болды. Анасы қызының қатарластарымен тіл табысып, мектепке қызығушылығы артқанына қуанышты.
Жұлдыз Ниятуллақызы, Ата-ана: «Қазіргі таңда менің екінші қызым №143 мектептің балақайлар мектебіне қатысып жатыр. Қызыма өте қатты ұнап жатыр. Мектептің іші мұғаліммен танысып, балалармен араласып қазіргі таңда қызым өте қуанышты жағдайда. Яғни, бұл жерде өте қатты ұнаған нәрсе қызым балабақшаға бармаған. Қазіргі таңда сол балабақшаның этапы өтіп жатыр десек болады. Себебі мектептің партасында қалай отыру керек, достармен қалай араласу керек және әріптерді сандарды бәрін білмесе де үйретіп жатыр апайлары. Қызым өте қуанышты таңғы 6-да тұрып 8-30-да мектепте болады. Өйткені балаға қатты ұнап жатыр».
Шымкентте тамыз айының басынан бастап қала мектептерінде «Балақайлар мектебі» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. №143 мектепте биыл 300 бүлдіршін дайындық сабақтарына қабылданған. Мұнда балабақшаға бармаған балалар білім беру ортасымен, ұстаздармен, болашақ сыныптастарымен танысып, жазу, есептеу және қарым-қатынас дағдыларын үйренеді. Сондай-ақ мектеп тәртібіне бейімделеді. Бағдарлама бүлдіршіндердің жаңа ортаға жеңіл үйренісіп, сенімді сезінуіне жағдай жасайды.
Мира Сүлейменова, «№143 Жалпы орта білім беретін мектебі» КММ-нің директоры: «Қабылданған балалардың ата-аналарына ескертілді. «Балақайлар мектебі» туралы. Және ата-аналар мұны қуанышпен қарсы алды. Қазіргі таңда қабылданған оқушылардың 100 пайызы мектепке келіп алғашқы сабақтарын алып жатыр. Бұл мектептің мақсаты жаңа оқу жылына дейін оқушыларды мектеппен таныстыру және 1 сыныпқа алғашқы қадамдарын үйрету мақсатында».
Биыл, «Балақайлар мектебі» жобасы Шымкент қаласында 112 білім беру мекемесінде ұйымдастырылды. Оның 4-еуі – балабақша базасында, 108-і – мектеп қабырғасында. Қысқа мерзімді бұл курстар балалардың мектеп өміріне алғашқы қадам жасап, жаңа оқу жылына дайындалуына көмектеседі.
Шолпан Айтбаева, Шымкент білім басқармасының әдістемелік орталығының директоры
«Оған 2268 бала қамтылып отыр. Негізі мамыр, маусым шілде айларында 1 айлық қысқа мерзімді курс ретінде жоспарланған. Мұнда бала келіп партада отыруды,психологиялық дайындық ойын түрінде алғашқы қадамдары осылай жүргізіледі».
Қысқамерзімді даярлық курстары – бүлдіршіндердің мектеп өміріне жасаған маңызды қадамы. Бағдарлама тамыз айының соңына дейін жалғасын таппақ.
Ботакөз Әнуар