«Басымнан тепті»: Берденов Жиембайдың сөзін жоққа шығарды, Жиембай қысым көргенін мәлімдеді

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімі ғимараты алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жарақаттады деген айыпталушы Ернар Жиембайдың мәлімдемесіне, жәбірленуші жауап берді. Жиембай ұсталған кезде соққыға жығылғанын және тергеу кезінде өзіне және отбасына қысым жасалғанын мәлімдеді. Руслан Берденовтің ісі қалай жалғасып жатыр, келесі материалдан көрейік.

«Жақсылықпен саған айтып тұрмын. Әдемі әйелің бар. Соған ие бол. Жабыстырма. Сен кет. Мен сені қаматамын».

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке 5 рет оқ атып, жарақаттады деген айыпталушы Ернар Жиембай жәбірленуші өзіне қысым көрсетіп, ар-намысына тиіп, «соттатамын» деп қысым жасады деп мәлімдеді. Іске денсаулығына байланысты қатыса алмаған Берденов көп өтпей әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Ол жәбірленушінің сөзін жоққа шығарып, мұны «қысым» және «манипуляция» деп бағалады.

Руслан Берденов, жәбірленуші: «Сотта жауапкер Жиембай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек қана шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ»

Берденовтің жазынша, оқиғадан соң айыпталушы тарап достасуға тырысқан. Кешірім берілсе шу көтермейтіндерін, бас тартса ақпараттық жарылыс жасайтынын айтып сес көрсеткен. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтқан көрінеді. Берденов мұны тікелей қысым деп бағалаған. Ал «қақтығыстың түп-төркіні- кәсіби, қызметтік сипатта» деген.

Руслан Берденов, жәбірленуші:
«Қоғам назарын «қызғаныш», «жеке қатынас», «жұбайы» секілді жалған себептерге бұру — манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын»

«Қандай да бір азаптау фактілері болса, не себепті арыз жазбадыңыз?  Мені ұстайды. Санкциясыз үйіне келеді. Әйелімнің ұялы телефонын алып қойып, оған құқықтарын түсіндірмей қалалық полиция департаментіне алып барып, маған қарсы пікір бергізген».

Бұдан бөлек, сотта айыпталушы ұсталған кезде соққыға жығылғанын және тергеу кезінде өзіне және отбасына қысым жасалғанын мәлімдеді.

Ернар Жиембай, айыпталушы: «Көлік жүргізушісі екеуміз ұстасамыз. Ол кісі мені құлатамын деп жатыр. Ешқайда қашу ойымда жоқ. Сол кезде екінші адам келді де әкімдік ғимаратына қарай жақындатты. Мойнымнан қылқындырды, жерге құлатты, жатқызды да қолыма кісен салды. Басымнан, бүйрегімнен тепті. Бір кісілер басын көтер деді. Көтерді, қайта жерге тастап жатыр. «Бұл әкімдікке келіп күш көрсететін кім? Мұны көрсеткіш ретінде әкімдер мен әкімнің орынбасарларына енді ешкім жоламауы, елге сабақ болуы үшін өмір бойына қамау керек» деді. Бір кісі келді де басын көтерші деді. Қайта тастағанда құладым. «Барынша сындырыңдар» деді. Басымнан теуіп, арқамнан ұрып жатқан кезде «Бұл кісі отбасымды бұзды. Мені өлтіріп тастай салыңдар» деп айқайладым».

Жиембай сот тергеуі кезінде айыпты ішінара мойындаған. Айыпталушының әйелі іс бойынша куә ретінде танылған. Бұдан бұрын Жиембай Берденов әйелінің әлеуметтік желідегі парақшасына лайк басып, «әдемі екенсің» деп жазғанын айтқан. Кейін ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс болған.

Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотта Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен қаралып жатыр.

Дилара Иса