Бауырына бүйрегін сыйлап, құтқарып қалды

Інісі ағасына донор болды. Шымкентте №1 Қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері күрделі бүйрек трансплантациясын сәтті жүзеге асырды. Ота нәтижесінде 36 жастағы азамат өмірге қайта оралды. Науқасқа өзінің туған інісі донор болып, бүйрегін берді. Қазіргі таңда, бауырлардың денсаулығы жақсы. Үйлеріне шығарылды.

№1 Қалалық клиникалық ауруханасында кезекті туыстық бүйрек трансплантациясы отасы жасалды. Бұл жолы інісі ағасына донор болдды. 36 жастағы Алихан Айдаров 2023 жылдан бері бүйрек жетіспеушілігімен ауыра бастаған. Ал, екі жылдан кейін гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Сол уақыт аралығында шетелге барып, емделуді жөн санаған. Алайда, науқастың қалтасы көтермей, інісінің донор болуын мақұлдаған.

Алихан Айдаров, науқас: «Екі жылдан бері учетта тұрамын. Операция істеді. Бір аптадан бері осындамыз. Құдайға шүкір. Қазір жағдайым жақсы. Креатинин бәрі түсті».

Донор мен реципиент толық көлемде хаттама бойынша медициналық тексеруден өтті және нотариалды келісім ресімделді дейді дәрігерлер. Жоспарлы түрде жүргізілген операция сәтті аяқталып, науқастың жағдайы жақсарды деп отыр. Айтуынша, Алихан Айдаровтың қан қысымы жоғары болған.

Ұлжан Мұқанова, дәрігер хирург: «Негізі біз операцияға алған кезде Алиханның қан қысымы жоғары болған. 200-220 — ға көтерілетін. Ол кісіні 180 қан қысымымен алдық. Қазір давление тұрақты. Қазір 120-130 түсті. Креатинин 140 -қа түсті. Қазір жағдайлары жалпы жақсы».

Айта кетейік, Шымкентте 239-шы бүйрек трансплантациясы отасы сәтті жасалды.

Нұргүл Жолымбетова