Бет-бейнесін тұмшалайтындарға айыппұл салынады

фото Отырар.кз

30 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін толық жабуға тыйым салынатын заңға қол қойды. Ертеңінен бастап прокуратура мен өзге де құқық қорғау органдары түсіндіру жұмыстарының басталғанын хабарлады. Заңға сай қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын ниқаб, пәренжі сияқты діни киімдерден бөлек тағы қандай киімдерге тыйым салынады? Бұл туралы прокуратура қызметкерлері не дейді?

Қазақстанда «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Бұған 30 маусымда Қазақстан президенті қол қойды. Қазір полиция мен прокуратура заң талаптарын түсіндіруді бастаған. Заңға сай қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын ниқаб, пәренжі сияқты діни киімдерден бөлек тағы қандай киімдерге тыйым салынады?

Нариман Базарбаев,  Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Бұл бізде тек қана бетін жапқан ниқаб немесе абайка киген әйелдерге емес, жалпы маска, балаклава дейміз бет-әлпетін жабатын медициналық маска мен қосымша қара түсті көзілдірік кигені ол бетті жабу, тыйым салынады. Соған байланысты қазіргі уақытта түсіндірме жұмыстары жүргізілуде».

Прокурор полиция не прокуратура азаматтарға бет-бейнесін ашуды талап етсе, сол сәтте орындауы керек дейді. Бұл талапқа әйелдер не діни киім киген әйелдер және еркектерге қоса, кәмелет жасқа толмаған балалар да бағынуы шарт. Яғни, баланың заңды өкілі оның бетін лезде ашып, заң талабына бағынуы шарт. Кері жағдайда, әкімшілік жауапқа тартылады.

Нариман Базарбаев, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Бұл заң талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстіне тиісті өзгерістер енгізілуде. Алайда қазіргі уақытта өз күшіне енбегендіктен бекітілмеуіне байланысты қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өзгерістер күшіне енгеннен кейін кінәлі тұлғалар бірінші ескертіледі. Одан кейін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылады және айыппұлдар салынады».

Прокурордың пікірінше, бұл қоғамдық тәртіпті сақтау жәні тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін маңызды қадам. Себебі беті жабылған не маска киген адамның ой-пиғылы қандай екенін ешкім білмейді.