«Екі орам шөпке таласқан»: Сайрамда көршілер төбелесіп, ауруханаға түсті

Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылында көршілер арасында тұрмыстық жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан. Нәтижесінде 5 адам түрлі дене жарақатын алған. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бейресми ақпаратқа қарағанда, екі жақ екі орам шөпке таласып қалған.

«Көршім Әбділәзиз Абдиқаимов басшылығында 7-8 адам шығып бізді мені, мамамды, папамды соққыға жықты».

Өзін Түркістан облысы Сайрам ауданы Көлкент ауылының тұрғынымын деп таныстырған азаматтың әлеуметтік желіде хабарлауынша, көршісі бір топ адаммен жабылып отбасы мен досын сабап тастаған. Төбелес шамамен бір сағатқа созылған. Соққыға жығылған соң жұртты көмекке шақырып айқайлаған. Абырой болғанда өзге көршілері екі тарапты ажыратып алған.

«Содан соң біз ауруханаға бардық. Ауруханада да бізге зорлық-зомбылық жұмыстарын алып барды олар. Сол жерде де өлтіріп тастаңдар бұларды, қабылдамаңдар деген айқай-шу көтерді. Менің ернім жыртылған. Қолым сынған. Досымның беті сынған. Папамның басы жарылған. Мамам әлі күнге қалтырап, кеселге душар болды».

Арызданушының айтуынша, Сайрам ауданындық ауруханасы дұрыс емдемеген. Толық жазылмаса да үйіне жіберген. Десе де облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның бұл шағымын жоққа шығарады. Басқарма мәліметінше, оқиға 13 шілде күні болған. Аудандық ауруханаға түрлі жарақатпен 5 адам жеткізілген. Олар 12 күн жатып, қажетті ем-домын алған.

«Сайрам орталық аудандық ауруханасына бес зардап шеккен адам түсті. Олардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп, бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес толық тексеруден өтіп, ем қабылдады. Жарақаттар қатарында – бас миының зақымдануы, жұмсақ тіндердің соғылуы, сондай-ақ қабырға мен алақан сүйектерінің сынуы бар. Оқиға фактісі науқастар түскен күні-ақ полицияға дереу хабарланды»
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Бейресми мәліметке қарағанда, көршілер екі орам шөпке таласып, жанжалдасқан. Соңы қан жоса төбелеске ұласқан. Арызданушы ұрып-соқты деген көршілері «бұл қып-қызыл жала» дейді. Олар керісінше даудың басы әкемді сабап тастағаннан басталды дейді.

Фазылжан Абдикаримов, көршісі: «Міне, міне осы жерде папам жатқан. Папамды ұрған, 5 қабырғасы сынған. Миы шайқалған. Аузынан көбік алған. Жатқан кезде ағаларым келген. Көршілер шақырып шыққан мұнда. Ініммен папам болған, Газель жүргізушісі болған. Баласының жолдас балалары ұрған. Ол папама қарай алмай қалған».

«Біздің Сайрамның полициялары жұмысты қайта-қайта жауып тастап жатыр. Сол үшін құрметті президентімізден сұранамын».

Арызданушы оқиғаға полиция салғырт қалады дейді. Ұрды деген көршілері полиция тергеуіне сенеміз дейді. Ал облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, төбелес тұрмыстық жанжалдан басталғанын хабарлады.

«Сайрам ауданында дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға қатысқандардың барлығы полицияға жеткізіліп, жауап алынды. Тергеу кезінде көршілер арасындағы қақтығыс тұрмыстық негізде болғаны анықталды». Түркістан облыстық полиция департаменті

Полиция тараптардың дәлелдері зерттеліп жатқанын, тергеу нәтижесіне сай олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетінін хабарлады.

Дилара Иса