Мемлекет басшысы қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, қаладағы 6 ауруханаға полиция бекеті орнатылды. Мұндағы мақсат, оқиғаларға жедел жауап беру, шиеленістердің алдын алу, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету дейді полицейлер.
Күндіз-түні науқастарды үздіксіз қабылдайтын ауруханалардың бірі — №1 клиникалық аурухана. Мұнда түн тыныштығын алып, түрлі эмоция көрсететіндер табылады дейді дәрігерлер. Кей – күндері спирттік ішімдіктен ұрттап алғандар түседі екен. Олар түрлі мінез көрсетіп, көптің ашуына тиеді. Бұл дұрыс шешім болды деп отыр. Айтуларынша, науқастар мен ақ халаттылардың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз дейді.
Алмаз Байбеков, дәрігер-хирург: «Бізді қорғайды, науқастарды қорғайды. Тыныштық болады. Біздің аурухана көпбейінді. Халық көп. Әртүрлі болады. Бір кездері 2 адам түседі. Кейде 10 адам түседі. Полицейлердің болғаны дұрыс. Ашуланып келетіндер бар. Ішіп келетіндер бар».
Айта кету керек, бұл шара медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғаларының көбеюіне байланысты қабылданды. Ал, кезекші инспекторлардың қызмет атқаруы күнделікті тексеріліп, жұмыс барысы қадағалануда. Бұл бағыттағы шаралар қалалық полиция департаменті басшылығының тікелей бақылауында.
Нұргүл Жолымбетова