Шымкентте есірткі заттарын жарнамалап, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасына граффити жазған 29 жастағы жігіт істі болды. Сот оның бас бостандығынан 3 жыл 3 айға айырды. Сот тергеуінде оның өзі есірткіге тәуелді екені анықталған. Сотталушы айыбын мойындап, шын өкінетінін жеткізген.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қала аумағында есірткі, психотроптық заттарды заңсыз жарнамалаған 29 жастағы Владислав Мастеровті кінәлі деп таныды. Ол адамдар тобымен алдын ала сөз байласып ақша табу мақсатында қаладағы 5 үйге граффити үлгісінде жарнама жазған. Айыпталушы Қылмыстық кодекстің «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндiру» бабымен сотта жауап берген.
“Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындады. Жазасын өтеген ол Шымкенттегі әкесімен бірге өмір сүруге келген. Оның өзі көмекке зәру, синтетикалық есірткіге тәуелді. Бұл уақытта ол ауырған. Ал есірткі сатып алуға ақшасы болмаған. Сондықтан есірткі сату туралы жарнама жасауға келіскен. Қаладағы үй қабырғаларына бірнеше граффити жазып, оны суретке түсіріп, тапсырыс берушілерге жіберген. Осы сәтте оны полиция құрықтаған»
Сот кабинеті жүйесі
Айыпталушы кінәсін олық мойындаған, жасаған қылмысына өкінетінін жеткізген. Соттан өзіне жеңіл жаза тағайындауды және есірткіге тәуелділіктен арылу үшін емге жіберуді сұранған.
«Мастеров Владислава Юрьевичті Қылмыстық кодекстің Қылмыстық кодекстің 299- бабында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша қатаң мекемесінде өтеу белгіленсін»
Сот кабинеті жүйесі
Сотталушының бір күні жаза мерзімінің бір күніне есептелді. Ол бұдан бұрын «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бабымен бас бостандығы шектелген. Алайда жаза мерзімі бітпей жатып осы іспетті қылмысқа барған. Сот бұл жазаны да есептеп, жазасына 15 күн қосып берді.
Дилара Иса