Кентаулық тұрғын хоббиін табыс көзіне айналдырды. Райнтан Жаппаров саңырауқұлақ өсіріп, бүгінде жергілікті асханаларды табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкер енді көрші қалаларға да өнім жеткізу жоспарда бар.
Райнтан Жаппаров бес жыл бұрын қызығушылықпен бастаған шаруасын бүгінде табыс көзіне айналдырды. Түрлі тәжірибеден өткен ол арнайы орында аспа саңырауқұлақтарын өсіреді. Қазір өзінің өнімдері арқылы жергілікті асханалардың мәзірін байытып отыр.
Дәруменге бай саңырауқұлақты алғашында әлеуметтік желіден көріп, қызыққан. Кейін оңай тәсілдерін меңгеріп, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, енді Кентаудан бөлек, өзге қалаларға да ерекше өнім ұсынуды көздейді.
Мамандардың айтуынша, шағын бизнестің дамуы – қаланың экономикалық тіршілігіне серпін береді. Сол себепті кәсіпкерлердің тың жобаларын іске асыру үшін мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары жасалып жатыр.
Биыл да кәсіпкерлерге арналған қолдау жалғасын табады. Қайтарымсыз грант негізінен тағам дайындау, тігін өндірісі, дәнекерлеу ісі мен техникалық жөндеу салаларына бағытталмақ.
Әсел Мәлік