Кентаулық зейнеткер әлеуметтік қызмет көрсету орталығының көмегімен қайта аяққа тұрды. Қарияның денсаулығында қиындық болғанына қарамастан, спортпен шұғылданып, өмірге деген құлшынысын қайта тапқан. Ал орталықтағы мамандар мұндай мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Кентаулық Мұкарам Сапарбаева денсаулығына байланысты екінші топ мүгедектігін алған. Бірнеше жыл бойы ем қабылдап, оңалған қария қазір әлеуметтік қызмет көрсету орталығына тұрақты барып жүр. Ол осында жаттығып, қозғалысы шектелген аяқ-қолын қайта қалпына келтіргенін айтады.
Үш жыл бұрын орталыққа жүгінген зейнеткер небәрі үш ай ішінде аяқтан тұрған. Спорттық жаттығулар мен гимнастикалық қозғалыстар оған күш-қуат беріп, өмірге деген сенімін арттырған.
Әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің бір тармағы – «Тең қоғам». Бұл бөлімде «Бизнес бастау» жобасы арқылы 28 тұрғынға қолдау көрсетіліп, ерекше күтімді қажет ететін 6 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған. Мекеме мамандары тіркелген жандарға жан-жақты жәрдем беруге тырысады.
Алғашқы алты ай ішінде инватакси қызметіне 153 рет сұраныс түскен. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бос уақытын тиімді өткізу үшін арт-терапия және түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылған. Сондай-ақ туберкулезге шалдыққан 60 адамға 10 АЕК мөлшерінде қаржылай көмек берілді.
Әсел Мәлік