Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай қалай оқ атқаны көрсетілді. Одан бөлек тергеушілер оның автокөлігінен айғақ зат ретінде не тәркіледі? Айыпталушының автокөлігі қазір қайда тұр? Сотта осы және өзге де деректер айтылды.
«Бұл бейнекамера Шымкент қаласы әкімдігінің бенекамерасы болып табылады. Уақыты дәл сәйкес келеді ғой. Иә, сегіз елу бес».
Бұл Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембайдың 5 рет оқ атқан сәті. Оқиға қала әкімдігі ғимаратының бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Кеше оны Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс құжаттарын зерделеу кезінде көрсетті. Бейнебақылаудан жәбірленуші Берденовтің әкімдік ғимаратынан қашан шыққаны, айыпталушы Жиембайдың оған оқты қалай атқаны және оны кім қалай ұстағаны жазылып қалған. Бірақ бұл видеода жәбірленуші Берденовтың қандай күйде жатқаны көрінбейді. Тек оның айналасында бірнеше адамның жүрген сұлбасы байқалады.
«Одан кейін видеоға түсірген. Фиквижин алғанын ба? Көрейік».
Іс материалдарына тіркелген видеоларда оқиға сәтінен бөлек оқиға орнында тәркіленген заттар дәлелдемелер көрсетіле бастады. Жәбірленуші тараптың хабарлауынша, Ернар Жиембай әкімдікке дейін жеткен көлігі айыппұл тұрағында емес, қалалық полиция департаментінің автотұрағына қойылған. Сотта қарудың қобдишасы, жәбірленушінің ұялы телефоны сияқты заттар көрсетілді. Ұялы телефон сынып кеткенімен, оның қосулы тұрғанын көрген судья айыпталушыдан телефонды ашу кодын сұрады. Прокурорларға оны жазып алуды тапсырды.
Абинұр Қарабаев, судья: «Прокурор жазып алдыңыз ба? Айғақ зат ретінде танылған ғой. Келесі сот отырысына ала келіңіздер. Көрейік, ашайық ішін. Мүмкін іске қатысты дәлелдер табылып қалар».
Бұл жолы сот отырысына куә ретінде жауап бергендердің дерлік барлығы қала әкімдігінің қызметкерлері болды. Олар оқиғаға қатысты Жиембаймен сөйлескен, кездескен. Одан бөлек оқиға күні Жиембайдың жанында болған адамдардан да жауап алынды. Олардың кейбірі денсаулығына байланысты сұрақтарға жауап беруге қиналды. Ал прокурор іске тіркелген құжаттарды оқығанда жәбірленушінің көлігінен не табылғанын айтып берді.
«Қарап тексеру барысында ескертулер түскен жоқ. Автокөлікті тексеру кезінде мына заттар тексеріліп алынды: қара түсті фуджима маркалы жадынама, 1 дана автокөліктің қашықтан басқару құралы, 1 дана қоңыр түсті арнайы зат салушы сөмке, 2 дана қорап, 20 дана патрон алынған. — Киімдері табылмаған ба, аңшылыққа баратын киімдер. — Жоқ ондай ештеңе табылмаған».
Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты сот тергеуі ертең жалғасады. Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Жәбірленуші денсаулығына байланысты әзірге сот тергеуіне қатыспады. Оның құқығын сотта заңды өкілі қорғап жүр.
Дилара Иса