Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жетісай ауданы Алғабас ауылында 38 жастағы Әйгерім Әжекееваны азаптап өлтіріп, зорлап, денесін атқорасына көміп тастады деген күдікке ілінген 27 жастағы Ералхан Төрехановты 20 жылға түрмеге жапты. Сот оны жазасын қауіпсіздігі барынша қатаң режимдегі түрмеде өтеуге кесті. Ол айыпты мойындағанымен, үкіммен келіспейді.
Дәурен Мадалиев, судья: «Сот үкім етті. Ералхан Айдарханұлы Төрехановты Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі және Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылсын. Оған Қазақстан Республикасының қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігімен 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаларды қосу арқылы Ералхан Айдарханұлы Төрехановты 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жетісай ауданы Алғабас ауылында 38 жастағы Әйгерім Әжекееваны азаптап өлтіріп, денесін ауласына көміп тастаған Ералхан Төрехановты кінәлі деп таныды. Оны 20 жылға соттап, жазасын қауіпсіздігі барынша қатаң түрмеге жапты. Сотталушы үкіммен келіспейтінін жеткізді.
Дәурен Мадалиев, судья: «Жәбірленушінің өкілі Бердәлиеваның азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Сотталған Төрехановтан Бердәлиевтің пайдасына моралдық залал ретінде 10 миллион теңге мемлекеттік БАЖ салығы 1966 теңге … өндірілсін».
Судья жаза тағайындау кезінде оның бұрын сотты болғаны, қылмыс жасауды қайталағаны ескерілгенін атап өтті. Үкімді түсіндіру кезінде жәбірленушінің мәйіті сотталушының үйінен табылғаны, мәйітті қылмыс жасалған үйде көміп тастағаны айтылды.
Сот медициналық-криминалистикалық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы 38 жастағы Әйгерім Әжекееваны жіппен қылқындырғаны дәлелденген.
«Мына сол жағы көкпеңбек болып қанталап кеткен. Сия, көкпеңбек. Құлағының артынан қан шығып тұр. Тілін мал өлгендей тістеп қалған, қан ағып жатыр. Шашы деген ісіп кеткен. Соның оң қолында үш пышақтың ізі бар».
Оқиға 28 қаңтар күні болған. Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында ширақ, мінезі жүйрік, бауырларына қамқор 38 жастағы Әйгерім Әжекееваның денесі ауылдасының ауласынан көмілген күйінде табылды.
Марқұмның туыстары Әйгерімді ауылдасы ұрып-соғып, азаптап зорлап қорлықпен өлтірген деген еді. Полиция сотталушыны 9 ақпан күні ұстаған. Ол бұрын екі рет сот та болған. Бірінде қылмыстық жауаптылықтан босатып, стационарлық-психиатриялық ауруханаға еріксіз емдеуге жіберілген.
Дилара Иса