МӘМС: Шымкентте 4 мыңға жуық адамнан қатерлі ісік ерте сатысында анықталды

фото МӘМСБҚ

 

Шымкентте жыл басынан бері скринингтің көмегімен 4 мыңға жуық адамның қатерлі ісік ауруы ерте сатысында анықталды. МӘМС шеңберінде жүргізілген медициналық профилактикалық тексерулер 3391 әйелде сүт безі мен жатыр мойны обыры және 500-ден астам адамнан тоқ ішектің қатерлі ісік ауруын ерте анықтауға мүмкіндік берген.

Дәрігерлердің айтуынша, ауруды ерте сатысында анықтаудың арқасында науқастар дер кезінде ем қабылдауға кіріскен. Бұл – мыңдаған адам үшін екінші мүмкіндік, аман қалған өмір, құтқарылған тағдыр.

Скринингтің маңыздылығын тағы бір дәлелдейтін бұл көрсеткіш — әр адамның денсаулығы үшін дер кезінде жасалған қадамның қаншалықты маңызды екенін көрсетіп отыр. Жыл басынан бері аталмыш тексеру аясында 6000 мыңға жуық адамда қан айналымы жүйесінің аурулары, 1000-нан астам шымкенттікте қант диабеті мен глаукома дерті белгілі болған.

Жалпы, скрининг мінез-құлықтық тәуекел факторлары; артериялық гипертония; жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабеті; глаукома; жатыр мойны обыры; сүт безінің қатерлі ісігі мен колоректалды обыр; В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға мүмкіндік береді. Тексерулер жаңа туылған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі балалар; 30 бен 70 жас аралығындағы ересектер мен тәуекел топтары арасында жүргізіледі.

Еске сала кетейік, МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, онкологиялық скринингтер 2026 жылдан бастап ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады.