(Фото: istockphoto.com)
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – қоғамда ең көп талқыланатын мәселелердің бірі. Жақында бұл жүйеге қатысты заңға маңызды өзгерістер енгізілді. Енді басты сұрақ – бұл өзгерістер халыққа нақты қандай пайда әкеледі? МӘМС аясында қандай медициналық қызметтер тегін қолжетімді? Осы және басқа да көпшілікті мазалаған сауалдарға жауап алу үшін біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Сейсенбайұлы Беденмен сұхбаттастық.
– Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы заңға өзгерістер енгізді. Бұл халыққа қандай пайда әкеледі? Жалпы қандай мүмкіндіктер қарастырылып отыр?
Ахмет Сейсенбайұлы: Бұл – денсаулық сақтау саласы үшін үлкен қадам. Ең бастысы, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қолдау көрсетіледі. Яғни, D және E санатындағы дағдарыс жағдайындағы адамдар үшін жарнаны жергілікті атқарушы органдар төлейді. Сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар үшін де жарнаны мемлекет өтейді. Осылайша, 2026 жылға дейін шамамен 1 миллион адам МӘМС жүйесімен қамтылмақ.
– Бұрын жарнаны уақытында төлемегендер сақтандыру мәртебесінен айырылып қалатын еді. Бұл ретте қандай өзгеріс бар?
Ахмет Сейсенбайұлы: Иә, ол рас. Енді кемінде 5 жыл қатарынан тұрақты жарна төлеген азамат қандай да бір себеппен жарнаны уақытша төлей алмай қалса, оның сақтандыру мәртебесі 6 ай бойы сақталады. Бұрын бұл мерзім 3 ай ғана болатын. Бұл қадам азаматтарға медициналық көмекті үздіксіз алуға мүмкіндік береді. Бірақ кейін ол кезеңнің қарызын өтеу міндетті.
– 2026 жылдан бастап енгізілетін «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» нені қамтиды?
Ахмет Сейсенбайұлы: «Бірыңғай медициналық көмек пакеті» – бұл денсаулық сақтау қызметтерін қолжетімді етуді көздейтін бастама. Ең маңызды өзгеріс – онкологиялық ауруларға арналған скринингтер барлық азаматтарға тегін болады, яғни сақтандырылған мәртебеге қарамастан, ТМККК аясында көрсетіледі. Сонымен қатар, 8 әлеуметтік мәні бар ауруға күдік туындаған жағдайда (мысалы, туберкулез, АИТВ, гепатит, психикалық аурулар, инфаркт, инсульт т.б.) консультативтік-диагностикалық көмек тегін көрсетіледі. Бұрын мұндай көмек тек АИТВ мен туберкулезге күдік болғанда ғана ұсынылатын.
2026 жылдан бастап амбулаторлық диализ, созылмалы ауруларға динамикалық бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту және жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС-тің базалық пакетіне енгізіледі. Бұл өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызметтер пакеттерін нақты ажыратуға және халық пен медицина қызметкерлерін дұрыс ақпараттандыруға мүмкіндік береді.
– Бұл өзгерістер қаржылық тұрақтылықты қажет етеді. Жарна төлеу тәртібінде не өзгереді?
Ахмет Сейсенбайұлы: Дұрыс айтасыз. Жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін 2026 жылдан бастап жарна есептеу шегі жаңартылады. Атап айтқанда:
• Жұмыс берушілер үшін жарна есептеу шегі – 40 ең төменгі жалақы,
• Қызметкерлер үшін – 20 ең төменгі жалақы болып белгіленеді.
Бұл өзгеріс жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және денсаулық сақтау шығындарын әділ бөлуге мүмкіндік береді.
— Мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтар үшін жарна төлеу мәселесінде қандай өзгеріс бар?
Ахмет Сейсенбайұлы: Қазіргі таңда мемлекет 15 жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жарна төлейді. Бұл – балалар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүкті әйелдер және т.б. 2025 жылы жарна мөлшерлемесі 2% болса, 2027 жылдан бастап біртіндеп артып, 2037 жылға дейін 4,7%-ға жетеді.
Жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін жарна мөлшерлемелері өзгеріссіз қалады. Бұл өзгеріс қызмет ауқымының кеңеюіне байланысты қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
– Шымкент қаласында МӘМС аясында қандай қызметтер көрсетілуде?
Ахмет Сейсенбайұлы:Шымкент қаласында ресми тіркелген халық саны 1 млн 242 мыңды құрайтын болса, соның 1 млн 104 мыңы медициналық сақтандырылған. Бүгінде қалада 177 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Оның ішінде 34-і – мемлекеттік, 143-і – жекеменшік.
Жыл басынан бері тұрғындарға 3,5 миллионнан астам диагностикалық қызмет көрсетілді. МРТ, КТ, УДЗ сияқты қымбат зерттеулерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар, 500-ге жуық жоғары технологиялық ота жасалды, олардың жалпы құны 1,8 миллиард теңгеден асты. Жыл соңына дейін осындай 1500 операцияны қаржыландыру жоспарланған.
– Сұхбатыңызға рахмет!