Шымкент қалалық Қазақстан халықтар ассамблеясының жанындағы этномедиация кеңесінің мүшелері мен медиаторлардың қатысуымен ашық есік күні өтті. Мақсат — медиация институтын насихаттау, дәріптеу, сонымен қатар, кейбір даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу. Ашық есік күнінде азаматтар медиацияның тиімділігі, дауларды бейбіт жолмен шешудің артықшылықтары туралы жан-жақты ақпарат алды.
Ашық есік күніне келушілер медиаторлардан тегін кеңес алып, медиациялық процестің қалай жүргізілетінін практикалық түрде көре алды. Сонымен қатар, іс-шара аясында отбасылық, еңбек және азаматтық дауларды шешудегі медиацияның рөліне ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, дау-дамайдың алдын алуға да ықпал етеді.
Сдана кенжеқұлова, Қорғаушы: «Қазір енді тәжірибе көрсеткендей, медиатрдың біліктілігі ол маңызды рөл атқарады. Көшедегі екі адамды бітістіре алам деп, келістіре салу деген жоқ. Біз заң аясында жұмыс жасаймыз. Заңға сай болу керек. Екі дауласушы адамды келістіре саламыз деп қабылдау оңай. Ал, біз олардың мүдделерімен жұмыс жасаймыз. Қызығушлықтарымен қалып кетеді да, шешілмей қалуы мүмкін. Медиатр деген жоғары білімі бар, соттылық, наркодиспансерде есепте тұрмау керек. Сонымен қатар, Үкіметпен бекітілген азаматтарды 50 сағат оқыту курстарымен сертификат беріледі».
Медиаторлар тарапынан келушілерге медиация процедурасы түсіндіріліп, оған жүгінудің тәртібі мен заңдық негіздері таныстырылды. Мұнда келген азаматтар бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп, медиация тетігі арқылы уақытты, қаржыны және жүйкені үнемдеуге болатынына көз жеткізді. Мамандар даулы мәселені шешу уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді дейді.
Айгүл Әмзеева, Шымкент қалалық ҚХА хатшылығының меңгерушісі: «Заң және тәртіп аясында ҚХА мен медиация кеңесі бірлесе ашық есік күнін өткізіп отыр. Өздеріңізге белгілі, медиация болу, дауласқан тараптарды сотсыз, бейбіт жолмен шешудің баламалы жолы. Әрі тиімді әдісі болып табылады. Одан әрі медиацияны дамыту болып табылады. Өздеріңізге белгелі сот процесі 1 айдан 3 ай немесе 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Ал медиация тәртібімен екі тарапты келісімге келтіру және де келісімге келтіруге ғана емес, бизнес, әріптестер арасында қарым-қатынасты сақтауға септігін тигізеді».
Айта кету керек, «Құқық қорғау және татуласу» орталығы ашылып, қалалық тұрғындардың игілігі үшін жұмыс жасауда. Олар екі айдың ішінде 336 істі медиация тәртібімен шешкен. Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар қалалық соттармен бірлесе отырып, судьялардың қатысуымен ашық күнін өткізуді жоспарлап отыр.
Нұргүл Жолымбетова