Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың ісін тергеуді жалғастырып жатыр. Іс бойынша қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембай айыпталушы деп танылған. Бүгін іс бойынша әкімдік қызметкерлері куәлік етті. Кім неге куә болды? Іс бойынша не анықталды?
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қала әкімдігі ғимаратының алдында 5 рет оқ атып қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті жаралаған қалалық тұрғын үй басқармасына қарасты «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы директоры 31 жастағы Ернар Жиембайдың ісі бойынша қала әкімдігі қызметкерлерінен жауап алынды. Олар іске куә ретінде қатысып жатыр.
Бірінші куәлікке Шымкент қалалық құрылыс басқармасы құрылыс нысандарын мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков келді. Кенжебековтің сөзінше, ол не себептен арыз жазу керектігін білмеген. Жиембайға қатысты жұмысы бойынша бұрын-соңды тәртіптік шара қолданылмаған. Жиембай мен Берденовтің бас араздығы бар-жоғын да білмеген.
Аманғали Кенжебеков, куә: » — Жиембайдың тарапынан теріс қылықтар орын алды ма?
— Жоқ алынған жоқ. Орын алған жоқ. Жоқ. — Өз еркімен келіп жұмыстан шығам деп айтты ма. — Жоқ маған айтқан емес, өз еркіммен шығам деп».
«Берденов өз бетінше Жиембайды жұмыстан ала ала ма? Ұсыныс бере ала ма?»
Сотта айыпталушы мен жәбірленушінің бірінші кездесуіне куә болған қала әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімінің инспекторы Асанбай Ахментаевтан да жауап алынды. Оның айтуынша, 3 сәуір күні Ернар Жиембай Руслан Берденовтың қабылдауына кіріп, «Тұрғын үй Шымкент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен таныстырған.
«Ол да айтты маған да звандады деді. Оның айтуы бойынша, «Өлем, либо өлтірем, екеуінің біреуі болады» деп сөйтіп айтты. — Жарайды соны айтты. Берденов мырза не деді? — Жынды ма не үшін өледі, болмайтын нәрсе үшін, не үшін өйтіп айтып жатыр?»
Сотта Руслан Берденовтің көмекшісі, оқиға болған кезде жараланған қала әкімінің орынбасарына алғашқы көмек көрсеткен әйел мен Жиембаймен бірге жүрген таныстарынан жауап алынды. Әйел оқ атылғанда «отшашу» деп ойлағанын жеткізді. Сот түсте үзіліс жасағанда жәбірленушінің заңды өкілі мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Берденов сот тергеуіне өзі келіп жауап береді. Қазір оған ота жасалып жатыр.
Жеңіс Тынысбек, жәбірленушінің заңды өкілі: «Адамгершілікке салып бала-шағасымен келіп Берденовтен кешірім сұраса, кешірім беретін еді деп ойлаймын. Кеше де ақпараттық жарылыс болып жатыр, айтпаған сөзі айтты етті. Түсінем ол қазір қылмыстық аффект жағдайда жасаған дегенді дәлелдегісі келгенімен, бұл оған саналы түрде барған. Мұны арнайы сараптама қорытындысымен дәлелдейді. Әйелі бір отбасының қызы. Балалары бар. Мұндай жерде әйелін қаралау ұят тірлік. Ол да біреудің қарындасы, біреудің анасы. Сот өтеді, кетеді. 10, 20 жылдан кейін тарихта қалады ғой. Өз әйелін осылай қаралаған орынсыз деп санаймын».
Жеңіс Тыныбектің сөзінше Берденовке бүгін ота жасалып жатыр. Оның бауырында, өкпесі мен қолында оқ бар. Айта кетейік, куәлердің барлығы өзін фото видеоға түсіруге қарсы болды.
Айта кетейік, Ернар Жиембайдың ісі сотқа Қылмыстық Кодекстің «Адам өлтіру» бабы және «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» бабымен түскен. Іс өндіріске 22 шілде күні қабылданған. Басты сот талқылауы 6 тамыз күні басталған. Сотта айыпталушы оқиғаға қызғанышпен қоса Берденовтің ар намысына тиюі және соттатамын деп қысым жасағаны себеп болғанын мәлімдеген.
Дилара Иса