Ордабасы ауданының тұрғыны 30 жылдан кейін туу туралы куәлігін алды

Түркістан облысы Ордабасы ауданының 31 жастағы тұрғыны туғалы туу туралы куәлігін ала алмаған. Оған ата-анасының дер кезінде тиісті құжаттарды рәсімдемегені себеп болған. Нәтижесінде тұрғын некеге тұра алмаған, азаматтық некедегі балаларына да туу туралы куәлік алып бере алмаған. Тұрғынның шағымын сот қарап, қандай шешім шығарды?
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылының 31 жастағы тұрғыны сотқа әке-шешесін ата-анасы деп тану туралы арыз түсірген. Айтуынша, осы күнге дейін туу туралы куәлігін алмаған.

«Сотта арызданушы 1994 жылы 8 ақапан күні Бөген ауылында орналасқан ауруханада туылғаны анықталды. Ата-анасы тиісті түрде құжаттарды рәсімдемегеніне байланысты ұлының туу туралы куәлік құзырлы мекемемен берілмеген»

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Арызданушы тек мектеп бітіргені жөнінде аттестат алған. Бүгінде отбасылы, азаматтық некеде тұрады. Әйелімен ортақ 4 баласы бар. Олардың да құжаты жоқ.

«Сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 28 маусым 2002 жылғы №13 санды «Заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер бойынша сот практикасы туралы» Нормативтік қаулысының 6), 12) тармақтарын, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 65-бабын, 305-бабының 2-бөлігінің 3) тармағын назарға алды.
20 маусым 2025 жылы Ордабасы аудандық сотының шешімімен арыз беруші бұл фактіні соттан тыс тәртіппен анықтай алмайтынына байланысты және соттың шешімі өзін және балаларын құжаттандыру үшін қажет екенін ескеріп тұрғынның арызын толық қанағаттандырды»

Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі

Айта кетейік, сот шешімі заңды күшіне енді.

Дилара Иса