Өртенген Абай ауданы әкімдігі жұмысын тоқтата ма?

Кеше Шымкенттегі Абай ауданы әкімдігінің ғимаратында өрт шығып, шатыры жанып кетті. Өртті сөндіруге бас аяғы 3 сағаттай уақыт кеткен. Әкімдікте 70-ке жуық адам жұмыс істеген. Олар енді қайда барады? Әкімдік жұмысын жалғастыра ма? Өрт шалған ғимарат қашан қалпына келтіріледі? 

14 тамызға қараған түні Шымкент қаласындағы Абай аудандық әкімдігі ғимаратының шатырынан өрт шықты. Өрт шатырдың 1200 шаршы метрін шарпыды.

Абай ауданы әкімдігі апаратының басшысы Шерхан Кеңестің айтуынша, қазір арнайы құзырлы органдар шығын көлемін есептеп жатыр. Оқиғаға байланысты тергеу басталған. Ал әкімдік жұмысын тоқтатпайды дейді ол.

Шерхан Кеңес,  Абай ауданы әкімдігі апаратының басшысы: «Абай ауданы әкімдігінде 44 мемлекеттік қызметкер бар. Одан бөлек келісімшартпен жұмыс істейтін техникалық қызметкерлер бар. Жалпы әкімдікте 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда өзге ғимаратқа көшу туралы тапсырма берілді. Қазіргі таңда білесіздер құжаттардың барлығы электронды үлгіде болған соң кабел системалар қамтамасыз етілуі керек. Сол бойынша жұмыстар жүргізілгеннен кейін бізге ғимарат уақытша берілетін болады».

Шерхан Кеңестің мәлімдеуінше, әкімдік ішіндегі барлық құжат бүлінбеген. Ғимарат жоқ болса да әкімдік жұмысын тоқтатпаған. Тек электронды құжат айналысы тоқтап тұр. Әзірге аудан әкімдігінің қайда көшетіні белгісіз. Ал өртенген әкімдік ғимаратына қалалық құрылыс басқармасы жөндеу жұмысын жүргізеді. Жөндеу жұмысына 2 ай уақыт беріледі.

Шерхан Кеңес,  Абай ауданы әкімдігі апаратының басшысы: «Тексеру жұмыстары аяқталған соң ғимараттан барлық құжаттар мен техникаларды алып шығамыз. Сосын жайғастыратын боламыз. Шығын көлемі белгісіз.  Күзетшінің айтуы бойынша, ол «электр жүйесі атылғандай болды» деді. Бірақ нақты өрт неден шыққанын көрмеген. Ғимараттан шыққан кезде өрт басталып кеткен».

Ресми мәліметке қарағанда, әкімдік ғимараты 1954 жылы салынған. Соңғы уақытта күрделі жөндеуден өтпеген. Тек ағымдағы жөндеулер жүргізілген. Айта кетейік, өрттен зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Қалалық полиция департаменті өртке байланысты тексеру жүргізіп жатыр.

Дилара Иса