Бүгінде құқықтық саясатты іске асыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар көп. Заңға бағыну, тәртіпті сақтау, қоғамдық орындарда тіртіпке бағыну сынды қағидаларды кейде құлағына қыстырмайтындар да табылады. Дегенмен тәртіпке салатын тетік бар. Осы бағытта құқық қорғаушылар ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады. Соның арқасында көптеген қылмыстар ашылып жатыр.
Күні кеше жол қозғалысы қағидалары мен қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған 20 жастағы автокөлік жүргізушісін полицейлер бейнебақылау камералары арқылы анықтады. Қаланың кез-келген қиылысында бейнекамералардың қаптап тұрғанын білсе де заңбұзушылыққа баратындар соған сай жауапкершілік те барын ұмытпаса екен дейсің. Дегенмен осының бәрін біле тұра ер адам көлік қозғалысы көп көшеде авариялық жағдай туғызып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген. Азамат көлігін заңсыз қайта жабдықтап алған. Оның да заңбұзушылыққа жататынын білсе де осындай қадамға барған. Кептеліс барысында ол өзінің көлік құралынан қою түтін шығарып, жолды көру мүмкіндігін нашарлатып, қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірген.
Патрульдік полицейлер құқық бұзушыны тоқтатып, оған қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік хаттамалар толтырды. Ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Оның темір тұлпары айыппұл тұрағына қойылды. Заң бұзғанды ешкім де маңдайынан сыйпамайды. Соны біле тұра қауіпті қадамға баратындар оның жауабы болатыны ескергені жөн. Өзі қамауға, көлігі айыптұраққа тоғытылған азамат алдағы уақытта мұндай құқықбұзушылыққа бармайды деген үміт бар. Оның қателігі өзгелерге сабақ болса игі. Полиция қоғамдық тәртіп пен жол жүру ережесін қатаң сақтау қажеттігі туралы еске салады. Осы бағытта көптеген шаруалар атқарылуда.