Шымкент қаласындағы Дендросаябақта қала әкімдігі мен Шымкент қаласының прокуратурасының бірлесуімен әлеуметтік маңызы зор іс-шара – «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі және азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Бұл бастама қала тұрғындарының еңбек нарығына еркін араласуына жол ашып, халық пен билік арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталды.
Жәрмеңке барысында жұмыс іздеуші азаматтар мен жастар мемлекеттік мекемелер, жеке кәсіпорындар және түрлі салалық басқармалар ұсынған нақты жұмыс орындарымен танысты. Ұсынылған қызметтер түрлі салаларды қамтыды: білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, қауіпсіздік және қызмет көрсету бағыттары бойынша жүздеген вакансия ұсынылды. Сонымен қатар, қатысушыларға еңбек заңнамасы, жұмысқа орналасу тәртібі және әлеуметтік бағдарламалар туралы кеңестер берілді.
Азаматтар үшін бұл шара тек бос жұмыс орындарын көрумен шектелмей, мемлекеттік қолдау тетіктері жайлы ақпарат алуға, түрлі салалардағы кадр тапшылығы туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді. Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы және басқа да құзырлы органдар тарапынан жұмысқа орналасуға көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның тағы бір ерекшелігі – барлық жеке сот орындаушылардың қатысуы. Олар борышкерлермен бірге арнайы шақырылып, олардың еңбекке орналасуына ықпал ету жолдары қарастырылды. Құқықтық кеңестер берілді. Мұндай тәжірибе борышкерлерді әлеуметтік бейімдеудің және оларды заңға сай міндеттерін орындауға тартудың тиімді тәсілі ретінде бағаланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жәрмеңке – тұрғындарды әлеуметтік қолдау тетіктерімен таныстыру, еңбекке ынталандыру және жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында жүргізіліп жатқан кешенді шаралардың бір бөлігі. Жәрмеңке барысында ұсынылған ақпараттар мен ұсыныстар қатысушылар тарапынан қызығушылықпен қабылданып, көпшілігі нақты жұмыс орындарына өтінім қалдырды.
Бұл бастама – Шымкент қаласының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тиімді құралдардың бірі. Алдағы уақытта мұндай жәрмеңкелерді жүйелі түрде өткізу жоспарланып отыр.
Жанна Құрманбекова