Шымкент қаласында өткен «Отбасы құндылығы: Кеше және бүгін» атты ашық есік күніне Шымкент қаласы Әділет департаментінің өкілдері белсене қатысты. Шара қалалық «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен өтті және оның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту, ата-ана мен бала арасындағы байланысты күшейту және нығайту, сондай-ақ қоғамдағы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау мен насихаттау болды.
Аталған іс-шараға Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшылары А.Б. Қаратаев пен А.А. Усманалиев, сондай-ақ қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері, «AMANAT» партиясының өкілдері, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы, Жас отбасылар кеңесінің мүшелері, кәсіби медиаторлар мен заңгерлер қатысты. Шара барысында түрлі сала мамандары халыққа өзекті мәселелер бойынша кеңес беріп, сұрақтарға жауап беріп, отбасыларды құқықтық және әлеуметтік қолдау жолдарын түсіндірді.
Келушілерге отбасылық құқық негіздері, некені тіркеу мен бұзу тәртібінің маңыздылығы, бала тәрбиесінде ата-ананың құқықтары мен міндеттері жайлы нақты ақпарат ұсынылды. Құқықтық қамтамасыз ету бойынша бейінді ведомствалардың жұмысы осылайша жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек алу жолдары, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, балалы отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары мен алимент өндіру бойынша мәселелер де талқыланды. Мамандар отбасында жиі кездесетін тұрмыстық дау-жанжалдардың алдын алу және оларды тиімді шешу жолдарын да түсіндіріп берді.
Іс-шара барысында келушілерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Қатысушылар арасындағы ашық диалогтар мен тәжірибе алмасу – өзекті мәселелерді ашық айтуға және бірге шешу жолдарын табуға мүмкіндік берді. Әділет департаментінің өкілдері отбасын сақтау мен қорғаудағы құқықтық механизмдердің маңыздылығын атап қана қоймай, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам тұрақтылығының негізі екенін жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар бір-біріне ризашылықтарын білдіріп, отбасылық құндылықтарды сақтау – әр азаматтың міндеті екенін ерекше атап өтті. Бұл шара қоғамдағы отбасының орнын қайта бағалауға және оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Жанна Құрманбекова