Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын аштырған. Бұл парақпен ол заң аясында 6 айға дейін жұмыс орнын сақтай алады. Әзірге Берденов жұмыcтан шығу туралы өтініш түсірмеген. Ол қала әкімдігінің құрамында. Берденов қала әкімінің орынбасары қызметінен кетуі мүмкін бе?
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтің еңбекке жарамсыздық парағы 6 айға дейін сақталады. Бұл туралы бүгін қалалық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары әрі ресми өкілі Сәрсен Құранбек хабарлады.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Руслан Берденовтің жұмыстан кетуі туралы бұйрық әлі шыққан жоқ. Ресми түрде ол кісі еңбекке жарамсыз парағын аштырған. Емделіп жатыр. Әлі күнге әкімдіктің құрамында. Бірақ біздің білуімізде, Руслан Берденов бұдан былай әкімдіктегі жұмысын жоғалтқысы келген болуы керек, ондай болатын болсе келіп өтінішін жаза жатар. Әркімнің өз таңдауы, ниеті. Денсаулығымен айналысамын деп шешкен болса керек. Ресми түрде бұйрық шықпайынша біз ол кісіні қала әкімінің орынбасары деп есептейміз».
Сәрсен Құранбектің сөзінше, кез-келген облыс, Алматы, Астана, Шымкент қаласында әкімінің бес орынбасары болады. Бұл заңмен бекітілген. Қазір Шымкентте қала әкімінің үш орынбасары жұмыс істеп жатыр. Қалған екі орынның бірінде – Берденов болса, екіншісі бос тұр.
Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасының заңнамасы бар. Еңбекке жарамсыз қағазы болған жағдайда 3 айға дейін рұқсат беріледі. 3 айдан кейін дәрігерлердің шешімі бойынша тағы да 3 айға дейін рұқсат беріледі. 6 айдан артық еңбекке жарамсыз парағында болатын болса сол кезде ғана тиісті шаралар қабылдануы мүмкін. Қазіргі таңда Берденов мырза бұл тұрғыдан ешқандай шектен шыққан жоқ. Заң аясында бәрі де заңды».
Бірер күн бұрын Шымкент қаласы әкімінің екі орынбасары тағайындалған. Кей БАҚ оның бірі Берденовтің орнына келгенін жазған еді. Айта кетейік, Берденовтің жарақат алғанына 4 айдан асты. Оны 21 сәуір күні қала әкімдігінің алдында Ернар Жиембай оқ атып жаралаған. Нәтижесінде, Жиембай 9 жылға түрмеге жабылған.
Дилара Иса