Шардарада ауыз су мәселесін шешу үшін жер асты су қорын пайдаланбақ

Түркістан облысы Шардара қаласында ауыз сумен қамту үшін арнайы жоба қолға алынған. Жоба жетекшілері суды қаладан 40 шақырып қашықта орналасқан жер асты суық пайдалануды жоспарлап отыр. Егер бұл жоба бүзеге асса 32 мың адамды сумен қамтуға болады дейді мамандар.

Түркістан облысы Шардара қаласында тұрғындарды ауыз сумен қамту үшін арнайы штаб әлі жұмыс істеп жатыр. Қаланы сумен толық қамту жұмысын бақылауға облыс әкімі Нұралхан Көшеров тағы барып, тексерді. Өткен аптада Түркісан облысы Шардара қаласында ауыз су шықпай, тұрғындар сусыз қалған еді. Әкімдік мұны Шардара су қоймасындағы су деңгейінің төмендеуінен көрді. Суды су сорғыштарымен қалаға жеткізіп, мәселе шешіліп, бақылауға алынған.

Облыс әкімдігінің мәліметінде, қазіргі таңда ауыз су қосымша орнатылған сорғымен тартылып жатыр. Іске қосылған полиэтилен құбырдың диаметрі 200 мм. Оған қоса Шардара қаласында 10 су тасымалдаушы көлік пен 28 дана су ыдысы қойылған.

Сонымен бірге облыс әкімі «Шардара топтық су құбыры» жобасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл жоба қала халқын сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған. Құбыр қаладан 40 шақырым қашықтықта орналасқан «Тама-Тастанбек» жерасты су қоры жалғанбақ.

Ресми мәліметке қарағанда, бұл жобаның құрылысы ақпан айында басталған. Жоба сәтті жүзеге асса тәулігіне 12 мың текше метр ауыз суды қалаға жеткізеді. Бұл дегеніміз қаладағы 32 мыңға жуық тұрғынды толық ауыз сумен қамтамасыз етеді деген сөз.

Шардара қаласында ауыз су Шардара су қоймасынан алынып келген. Су қоймасында су деңгейінің төмендеуін көріп, жергілікті әкімдік қалада ауыз су тапшылығы болатынын алдын-ала білген. Мәселенің алдын алу үшін арнайы штаб құрылған. 6 тамызда қалада мүлде су болмағанымен, ертеңіне қаладағы 85 көпқабатты тұрғын үй мен аудандық ауруханаға ауыз су жеткізілді.

Су су қоймасынан сусорғышпен тартылды. Қаланың қалған тұрғындарына ауыз су қолдан жеткізілді. Айта кетейік, бұдан бұрын су ресурстары және ирригация министрлі «Отырар» телеарнасына суару маусымы кезінде Шардара су қоймасындағы су дерлік 22 есеге азайғанын хабарлаған.

Дилара Иса