Шымкент: «Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктері анықталды

фото ШКПБҚ

 

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясындағы бренд-комитеттің отырысы өтті. Палата директоры Сабира Адамбекова төрағалығымен өткен жиынға қалалық әкімдік басқармаларының басшылары, «Даму» АҚ мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» өкілдері, қалалық креативті индустрия және іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері қатысты.

Бренд-комитеттің отырысында 10 кәсіпкер өз өнімдерін таныстырып, бақ сынады. Бұған дейін Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен «Бір ауыл – бір өнім» көрме- жәрмеңкесіне жалпы саны 43 үміткер қатысқан болатын. Солардың арасынан комиссия мүшелерінің дауыс беруімен іріктелген 10 кәсіпкер ақтық сынға жетіп отыр.

«Қаламызда кәсіпкерлерді қолдау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Өз ісін бастаған азаматтарға қандай да бір құқықтық, консультативтік көмек, құжаттарды рәсімдеу, сүйемелдеу қажет болса, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан тиісті кеңес беріледі. Жалпы, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы үміткерлердің өнімдері бірқатар талапқа сай болуы тиіс. Нақты айтқанда өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалып, өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек, өнім мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігін көрсетуі тиіс. Дегенмен, өнім шығаруда негізінен жергілікті шикізат қолданылып, қосымша ретінде басқа жақтан жеткізілген қажет материалдар қолданылуына болады», – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Бренд-комитет мүшелеріне таныстырылған өнімдердің арасында жылқы және тауық етін кептіріп, дәм әзірлеуден бастап асқабақ дәнінен май сығатын, төрт түліктің қалпымен құрт жасайтын, ешкі сүтінен айран, май, йогурт ашытып, керамикадан кәдесыйлар, сән әшекейлерін жасайтын, экологиялық матадан сөмке тігетін, ағаштан түйін түйіп, домбыра жасайтын, жергілікті сүт-айраннан сыр, ірімшік өнімдерін әзірлеп, квас ашытатын кәсіпкерлер болды.

Комитет мүшелері әр кәсіпкерге өнім өндірісі мен жұмысшылар саны, қазіргі таңдағы қажеттіліктері мен өз ерекшеліктері және басқа да талаптар бойынша қосымша сұрақтар қойып, ой-пікірін айтты. Үміткерлер алдағы жоспарларын бөлісті.

Бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша 3 кәсіпкер үздік деп танылды. Олар:

1) Жылқы және тауық етін кептіріп, дәм әзірлейтін «Жолдыбаев» жеке кәсіпкерлігі;
2) Керамикадан кәдесыйлар мен әшекейлер жасайтын «Салтанат» жеке кәсіпкерлігі;
3) Асқабақ дәнінен май сығатын «Ақсабын» жеке кәсіпкерлігі.

Бұл жеңімпаздармен қоса қалған қатысушыларға да Кәсіпкерлер палатасы тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, өндірісті кеңейтуге, қажет болған жағдайда экспортқа шығу бойынша қолдау көрсетіледі. Жалпы, бренд-комитет мүшелері отырысқа келген барлық үміткерге кәсіптің ауқымын кеңейтіп, өнімдерінің нарықтық әлеуетін арттыру бойынша кеңес берді.

Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 5 тамыздағы № 626 қаулысымен бекітілген кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында өткізіледі.