«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Бекайдар Төлегенов пен Ербол Байқонысов, қала әкімдігінің басқарма өкілдері, аудан әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
20-дан астам азамат қабылдауға келді. Қабылдау барысында тұрғындар инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқық қорғау және жер мәселелеріне қатысты сұрақтарын көтерді. Әсіресе, сотталған балаларға қатысты көмек сұрап келген ата-аналардың жанайқайы назар аудартты.
Ата-аналардың айтуынша, балалары есірткі тасымалдау ісімен айналысқаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған. Олар Рақымшылық туралы заң аясында кешірім сұрады.
— Ұлым 17 жылға сотталды. Заңға қайшы әрекетке барғанын мойындаймыз, бірақ бұл — білместік. Рақымшылық беруді сұраймын, — деді ата-аналардың бірі.
Осыған орай, депутат Данабек Исабек сот шешіміне араласуға болмайтынын, барлық мәселенің заң шеңберінде қарастырылатынын ескертті:
— Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Соттың шешіміне ешкім араласа алмайды. Ал Рақымшылық туралы заңда нақты тәртіп пен талаптар бар, — деді халық қалаулысы.
Мектеп мәселесі де көтерілді. Қабылдауда №7 IT мектеп-лицейінің күрделі жөндеуге мұқтаж жағдайы да сөз болды. 1963 жылы салынған, 1200 оқушыға арналған бұл мектептің ғимараты ескіріп, жөндеуді қажет етеді. Алайда мемлекеттік сараптама қорытындысы берілмегендіктен, жөндеу жұмыстары басталмаған.
Бұл мәселеге қатысты сала мамандары мектепті жөндегеннен гөрі жаңадан салған тиімді болатынын алға тартты. Өз кезегінде депутат Исабек ғимаратпен өзі де таныс екенін айтып, бұл мәселе қала басшылығымен бірлесе отырып шешілетінін жеткізді.
Қабылдауға келген азаматтарға заң шеңберінде нақты жауаптар берілді. Көтерілген мәселелер тиісті органдарға жолданып, кейбірі сол жерде нақты шешімін тапты. Тұрғындар халық қалаулысының ашық әрі іскерлік форматта өткен қабылдауы үшін ризашылықтарын білдірді.
Аталмыш жобаның мақсаты — азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, туындаған даулы мәселелерді заң аясында шешуге жәрдемдесу және тұрғындармен тікелей кері байланыс орнату.