«Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы – әкімдік өңірлік кәсіпкерлер палаталарының және мүдделі ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекітеді және білім беру ұйымдарында орналастырады.
Осыған орай, Шымкент қаласы әкімінің 2025 жылғы 14 шілдедегі №39-ө өкімімен арнайы комиссия құрылып, 15 шілдеде бакалавриаттың 25 білім беру бағдарламасы бойынша 285 грант бөлінді.
Конкурсқа барлығы 10 жоғары оқу орны өтінім беріп, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес өткізілген конкурс нәтижесінде және комиссияның 12 тамыздағы шешімі негізінде бөлінген орындар 6 ЖОО-на орналастырылды. Оның ішінде 3 университет Шымкент қаласында, 3 университет Алматы қаласында орналасқан.
Грант бөлінген жоғары оқу орындары:
1. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті – 226 орын;
2. Ө.Жәнібеков атындағы педагогикалық университет – 20 орын;
3. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы – 1 орын;
4. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы – 23 орын;
5. Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті – 10 орын;
6. Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT университеті – 5 орын.
Комиссия шешімімен 14–20 тамыз аралығы талапкерлердің таңдаған жоғары оқу орындарына әкімдік грантына құжат тапсыру мерзімі ретінде белгіленді. Өтініш қабылдау туралы хабарландыру қалалық білім басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланды.
Сонымен қатар, Ұлттық тестілеу орталығының жауапты қызметкерлері талапкерлерге қажетті кеңестер берді.
Әкімдік грантын иелену үшін тапсырылатын құжаттар:
• ректор атына өтініш;
• білім туралы құжат (түпнұсқа);
• жеке куәлік көшірмесі;
• 3х4 көлеміндегі 6 фотосурет;
• 075-У нысанындағы медициналық анықтама;
• ҰБТ сертификаты;
• ведомостан үзінді (арнаулы/шығармашылық болған жағдайда);
• білім беру грантын тағайындау туралы электрондық куәлік (бар болса);
• басым құқық пен квота беруді растайтын құжаттар (бар болса).
21 тамыздан бастап жоғары оқу орындары талапкерлердің құжаттарын білім басқармасына жолдайды. Комиссия конкурстық негізде әрбір ЖОО мен мамандық бойынша грант иегерлерін анықтайды. Қорытынды тізім білім басқармасының ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерде жарияланады.
Грант иегерлеріне білім басқармасы тарапынан арнайы сертификат табысталады. Осы сертификат негізінде ЖОО ректоры бұйрық шығарып, талапкер тиісті оқу орнына қабылданады.
Ескерту:
• Конкурс ҰБТ сертификатының нәтижелері бойынша өткізіледі.
• Балдары тең болған жағдайда басым құқық «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық олимпиада және жарыс жеңімпаздарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар адамдарға және өзге де жеңілдік санатындағы азаматтарға беріледі.
• Егер бұл көрсеткіштер де тең болса, аттестаттың (немесе дипломның) орташа балы ескеріледі.