Шымкент: Қаржылық қауіптердің алдын алуға арналған форум өтті

фото ҚМА

ҚР Қаржы мониторингі агенттігі Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті. Іс-шара қаржы саласындағы заманауи қауіп-қатерлер мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға, халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталды.

Форум жұмысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және жастар қауымы қатысты.
Жиын барысында қазіргі таңда алаяқтық әрекеттердің, әсіресе интернет пен телефон арқылы жасалатын қылмыстардың артып келе жатқаны туралы мәселе кеңінен көтерілді. Азаматтарды алдап, материалдық шығынға ұшырататын қылмыстардың жиілеп кеткені – қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылықты арттыру қажеттігін көрсетіп отыр.
Форум аясында кәсіби мамандар алаяқтықтың түрлері, олардың алдын алу жолдары туралы нақты мысалдар келтіріп, қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар қаржылық қауіптерден сақтану үшін қандай әрекеттер жасау керектігін, күдікті жағдайларда қайда жүгінуге болатынын білді.
Құқық қорғау органдарының ресми мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында Шымкент қаласында 281 интернет және телефон арқылы жасалған алаяқтық қылмыс тіркелген. Оның ішінде 106 қылмыстың беті ашылған.
Бұл деректер цифрлық технологияның дамуына ілесе, қылмыстық схемалардың да күрделене түскенін көрсетеді. Форумда айтылғандай, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігі – тек жеке жауапкершілік емес, сонымен бірге мемлекеттік және қоғамдық деңгейде бірлесе атқарылатын жүйелі жұмыс болуға тиіс.
«ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отырған қаржы саласындағы алаяқтық әрекеттермен күреске бағытталған маңызды қадам. Осындай кездесулер арқылы халықтың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, қауіптерден алдын ала сақтану мәдениетін қалыптастыру басты мақсат болып отыр. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, биылғы форумның ауқымы мен мазмұны терең. Бұл – қоғамның өзекті мәселеге бейжай қарамай, оны шешуге белсенді түрде атсалысып жатқанын көрсетеді.